09:28, 15 Мамыр 2009 | GMT +5
Достастық елдерінің арасында еңбек миграциясы орнықты өсіп келеді
САНКТ-ПЕТЕРБОР. Мамырдың 15-і. ҚазАқпарат /Елена Мягкова/ - Соңғы 7-8 жылда Достастық елдерінің арасындағы еңбек миграциясы орнықты өсіп келеді. Оған қоса еңбек мигранттарының нақты көрсеткіші ресми статистикалық мәліметтерден әлдеқайда жоғары.

Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне ТМД Атқарушы комитетінің баспасөз қызметінен хабарлады. Достастық аумағындағы мигранттардың негізгі ағыны Ресейге бағытталған. Сондай-ақ Қазақстан мен Беларус Республикасы да еңбек миграциясы бойынша оң сальдоға ие. Қалған мемлекеттердегі жағдай басқаша. Дегенмен миграциялық үдеріс әрқашан екіжақты мазмұнға ие және мигранттар ағыны тек қабылдаушы тараптың ғана емес, оларды жөнелтуші елдің де проблемасы. Аумақтарына мигранттар ағылған елдердің кәсіпорындары арзан жұмыс күшін пайдаланып, өз жұмысшыларының еңбек жағдайын жақсарту мен олардың біліктіліктерін жетілдіру ынталарын жоғалтады. Ал азаматтары жаппай басқа жаққа ағылған елдер білікті жұмыс күштерінен айрылады. Осы жағдайдағы басты мәселе - еңбек миграциясын жүйелеу, үдеріске мемлекеттердің әлеуметтік-экономикалық даму мүдделеріне жауап беретіндей орнықты және ұғынықты мазмұн беру болып табылады. Бұл күндері Қазанда өтіп жатқан Достастық елдерінің Көші-қон органдары басшылары кеңесінің кезекті отырысында осы мәселелер талқыланып жатыр.