«Достастық» халықаралық жастар ұйымы Қазақстанмен бірлескен жобаларды жүзеге асыруға ниетті

Бұл туралы бүгін Астанада ТМД-ға қатысушы 10 мемлекет мүшесі болып табылатын «Достастық» ұйымы мен қазақстандық жастар ұйымдарының бірлескен отырысында белгілі болды.
«Достастықтың» негізгі идеясы - жастарды саяси немесе экономикалық емес, гуманитарлық ұстанымдармен біріктіру қажет дегенге саяды. Біздің халықтарымызды біріктіретін гуманитарлық байланыстар ғасырдан ғасырға жалғасып келеді. Біз келмеске кеткен Кеңес одағын немесе соған ұқсас ұйым құрғалы жүрген жоқпыз. Мен үшін, жәй ғана, Ресей азаматы бола тұра Қазақстанға визасыз келіп-кетудің өзі жағымды», - деді «Достастық» ұйымының жетекшісі Магомед Алиев.
Мәскеуден келген қонақтың ойынша, Қазақстанның басшылығы да, жастары да интеграциялық әріптестіктің таптырмас табыс екендігін жақсы түсінеді. Биыл аталмыш ұйымның бастамасымен бірқатар шет елде үлкен іс-шаралар өткізілмек. Мәселен, Страсбургте (Франция), Санкт-Петерборда (Ресей) Еуропа Кеңесі Парламенттік Ассамблеясының сессиясы аясында ТМД елдерінің жас парламентарийлері мен жастар ұйымдарының көшбасшыларына арналған семинарлар өтеді. Сонымен қатар, ТМД елдерінде Достастық елдері жастарының күндері, Беларусьта «ТМД студенттерінің көктемі», мұсылман-христиан форумы және жас блогшылар форумы сияқты шаралар жоспарланып отыр.
«Біз осы жиында жоғарыда аталған шараларға Қазақстанның атынан қатысатын жастарды табамыз деген үміттемін», - деді М. Алиев.