«Достық – Мойынты» теміржолының екінші желісінде қозғалыс қарқыны қандай

АСТАНА. KAZINFORM — «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ құрылыс жөніндегі басқарушы директоры Марат Искалиев елдегі аса маңызды теміржол жобасының өткізу қабілетіне қатысты пікір айтты.

теміржол
Фото: «Қазақстан темір жолы»

Айта кетейік, қазақстандықтарды Жаңа жылмен құттықтаған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің 2025 жылдағы жетістіктерін атаған еді. Осы орайда Президент «Достық – Мойынты» теміржолының екінші желісі іске қосылғанын еске салды.

- 2025 жылғы 30 қыркүйектен бастап «Достық – Мойынты» теміржол учаскесінің екінші желісі бойынша пойыздар қозғалысы ашылды. 2026 жылғы 4 қаңтардағы жағдай бойынша жаңа инфрақұрылымды пайдалану штаттық режимде жүзеге асырылып жатыр. Аталған кезеңде жаңа жолмен 1765 жүк және 451 контейнерлік пойыз жіберілді. Бұл тұрғыда тәулігіне орта есеппен 18 пойыз өтіп жатыр. Қолданыстағы (ескі) жолдармен 1778 жүк және 510 контейнерлік пойыз немесе тәулігіне орта есеппен 19 пойыз жүрді, - деді М.Искалиев Kazinform агенттігіне берген сұхбатында.

«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ құрылыс жөніндегі басқарушы директоры Марат Искалиев
Фото: Пікір иесінің жеке мұрағатынан

Оның сөзіне қарағанда, ондағы қозғалысты ашу 2025 жылдың қаңтарынан қыркүйегіне дейін кезең-кезеңімен жекелеген учаскелер бойынша жүзеге асырылды. Жобаны іске асыру желінің өткізу қабілетін едәуір арттыруға, пойыздардың қозғалыс кестесін оңтайландыруға және жүк тасымалының тиімділігін арттыруға мүмкіндік берді.

- Жоба көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында іске асырылды және елдің теміржол желісін жаңғыртуға бағытталған. «Достық-Мойынты» учаскесі Қытайды Еуропамен және Ресеймен байланыстыратын негізгі Шығыс – Батыс транзиттік дәлізінің басты бөлігі саналады, сондай-ақ Транскаспий халықаралық көлік бағдарына кіреді. Бұл инфрақұрылымдық жоба жоспарланған мерзімнен екі жыл бұрын аяқталғанын атап өту маңызды, - деді басқарушы директор.

Еске салсақ, 30 қыркүйекте «Достық — Мойынты» теміржолының екінші желісі іске қосылғанын жазған едік.

Сол кезде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Достық — Мойынты» жолы — шын мәнінде аса маңызды инфрақұрылым жобасы екенін және Қазақстанның көлік-логистика жүйесінің дамуына, оның тиімділігін нығайтуға айрықша серпін беретінін атап өтті.

Соңғы жаңалықтар