Досын соққыға жығып, өлтірмек ниетпен отқа оранған үйге тастап кеткен күдікті ұсталды - ІІМ

АСТАНА. 14 тамыз. ҚазАқпарат - Көкшетау қаласында 39 жастағы ер адам ұсталды. Ол өзінің досын соққыға жығып, байлап-матап, өлтіру ниетімен отқа оранған үйге тастап кеткен. Бұл туралы бүгін апталық брифинг барысында ҚР Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Нұрділдә Ораз мәлім етті.

Досын соққыға жығып, өлтірмек ниетпен отқа оранған үйге тастап кеткен күдікті ұсталды - ІІМ

Ресми өкілдің сөзіне қарағанда, үсті-басын күйік шалған қала тұрғыны Ақмола облыстық ауруханасының қабылдау бөліміне жеткізілгенімен, арада бірнеше күн өткенде көз жұмды. Анықталғандай, сол күні жәбірленуші мен оның танысы саяжайда болып, спирттік ішімдік ішкен. Соның салдарынан ер адамдардың арасында төбелес туындап, нәтижесінде бірі екіншісіне дене жарақатын салған. Содан соң оны байлап-матап тастап, саяжайға өрт қойған.

«Дегенмен, жәбірленуші үйдің терезесі арқылы сыртқа шыққан. Оқиға орнына өрт сөндірушілер шақырылып, жәбірленуші ауруханаға жеткізілген. Ұсталған азамат қамауға алынып, ҚР ҚК-нің 96-бабы 2-тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалды», - деді Н. Ораз.