Дропперлердің шоттары қалай бұғатталады
АСТАНА. KAZINFORM – Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова елімізде төлем карталарына қатысты талаптар күшейтілгенін айтты.

- Төлем карталарына тоқталсақ, Ұлттық банкпен бірлесе бұл салада талаптарды күшейту шаралары қабылданды. Себебі карталарды дропперлердің пайдалану оқиғалары жиілеп кетті. Осы ретте, алаяқтықтық жолмен алынған қаражатты қолма-қол ақшаға ауыстыруға, сондай-ақ есірткі саудасынан түскен қаржыны айналдыруға қатысты қылмыстар анықталып жатыр. Сондықтан есірткі трафигімен және алаяқтықпен күрес бағытында карталар бойынша талаптарды күшейттік, - М.Әбілқасымова.

Оның айтуынша, бір адамда нақты бір банкте 10 картадан артық рәсімдей алмайтындай шектеу енгізілді.
- Бір адамға 200-ден астам карта рәсімделген оқиғалар болды және оны дропперлер пайдаланды. Екіншіден, дропперлер бойынша бізде «сұр» және «қара» тізім құрылды. Бұл тұрғыда бірнеше мың адам осы тізімге енгізілді. Оларға қатысты шоттармен қатар, барлық операция бұғатталып, тексеріледі, - деді агенттік басшысы.
Еске салсақ, биыл жазда елімізде 6 мыңнан астам дроппер туралы мәлімет анықталғанын жазған едік.