Дропперлік: жеңіл табыстың артында қандай қауіп бар
АСТАНА. KAZINFORM – Банк шотын бөгде адамдарға пайдалануға бергендер өздері де қылмыстық жауапкершілікке тартылуы ықтимал. Алаяқтар дропперлерді қалай арбайды және мұндай әрекеттің салдары қандай? Агенттік тілшісі сарапшылармен бірге зерделеді.
Дропперлік экономикалық қылмыстар статистикасына қалай әсер етті?
Қарапайым тілмен айтқанда, дроппер – банк картасына қолжетімділік беретін немесе өз атына карта не шот ашып, сол арқылы қылмыстық жолмен алынған ақшаны өткізетін адам. Осылайша алаяқтар жеке басын жасырып, қарапайым азаматтарды қаржылық делдал ретінде пайдаланып, жауапкершіліктен жалтаруға тырысады.
«Дроп-карталар» арқылы алаяқтықтан, заңсыз ойын бизнесінен, есірткі саудасынан және өзге де қылмыстардан түскен қаражат өткізіледі. Дропперлердің басым бөлігі – қылмыстық схеманы ұйымдастырушылар емес, жеңіл табысқа қызығып, алаяқтардың арбауына түсетін азаматтар.
Мұндай әрекеттерге тосқауыл қою үшін 2025 жылғы 16 қыркүйектен бастап банк шоттары мен төлем құралдарын заңсыз пайдаланғаны үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді. Жаңа норма дропперлік әрекеттерді жеке құқық бұзушылық ретінде тіркеуге мүмкіндік берді. Бұл экономикалық құқық бұзушылықтар статистикасынан да көрініс тапты.
Finprom.kz мәліметінше, 2026 жылдың қаңтар–қыркүйек айында елімізде экономикалық қызмет саласында шамамен 1,4 мың құқық бұзушылық тіркелген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,6 есе көп. Оның 1,1 мыңға жуығы Қылмыстық кодекстің 232-1-бабы бойынша тіркелген. Ал 2025 жылдың осы кезеңінде мұндай төрт жағдай болған. Нәтижесінде дропперлікке қатысты істер экономикалық құқық бұзушылықтардың жалпы санының 75,6 пайызын құрайды.
Дропперлерді қалай арбайды?
ІТ сарапшы, М. Тынышбаев атындағы ALT университетінің компьютерлік ғылымдар кафедрасының аға оқытушысы Мөлдір Аманбайдың айтуынша, олар дропперлерді көбіне әлеуметтік желі, интернет-форумдар мен таныстары арқылы іздейді. Негізгі нысана – студенттер, жасөспірімдер және қосымша табыс іздеген адамдар.
Сарапшы алаяқтар жиі қолданатын үш тәсілді атап өтті.
Біріншісі – жоғары табыс уәдесі. Telegram, Instagram және TikTok желілерінде «тәжірибе қажет емес», «тек банк картасы керек», «бірнеше сағатта ақша табыңыз» деген хабарландырулар жарияланады. Адамға шотына түскен қаражаттың бір бөлігін өзіне қалдырып, қалғанын басқа есепшотқа аудару ұсынылады.
Екіншісі – «қате аударым» схемасы. Алаяқ адамның картасына ақша жіберіп, кейін оны басқа шотқа аударуды сұрайды. Кейде бұл көмегі үшін сыйақы да ұсынады.
Үшіншісі – банкоматтан ақша шешіп беру. Алаяқ шот иесіне қаражат аударып, оны қолма-қол алып беруді өтінеді. Өтінішін шұғыл жағдаймен түсіндіріп, қызметі үшін ақы ұсынуы мүмкін.
Мұндай схемалардың зардабы тек жеке азаматтармен шектелмейді. Егер компанияның шоты немесе қызметкерлері заңсыз қаржы операцияларына пайдаланылса, кәсіпорын қаржылық шығынға ұшырап, тергеуге тартылуы және серіктестерінің сенімінен айырылуы мүмкін.
– Сондықтан күдікті операцияларды дер кезінде анықтау, ішкі бақылауды күшейту және қызметкерлерге қаржылық қауіпсіздік ережелерін түсіндіру маңызды, – деді Мөлдір Аманбай.
Қандай жаза қарастырылған?
Қазақстанда Қылмыстық кодекстің 232-1-бабы бойынша мұндай әрекеттер үшін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
– Өзінің банктік шотына үшінші тұлғалардың заңсыз қол жеткізуіне мүмкіндік бергендер үш жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Ал бөгде адамдардың өтінішімен өздері ақша аударымдарын немесе төлемдерді жүзеге асырғандарға бес жылға дейін жаза қарастырылған. Әртүрлі адамдардың банк карталарына қол жеткізіп, оларды алаяқтық схемаларда пайдаланғандар жеті жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін, – деп түсіндірді заңгер Нұрболат Ибраев.
Сонымен бірге заңда алғаш рет құқық бұзушылық жасаған адамдарды жауапкершіліктен босату мүмкіндігі қарастырылған. Ол үшін адам бұл туралы өз еркімен хабарлап, қылмысты ашуға немесе оның жолын кесуге белсенді түрде көмектесуі керек. Алайда бұл норма оның әрекеттерінде өзге қылмыстық құқық бұзушылықтың құрамы болмаған жағдайда ғана қолданылады.
Ал дропперлерді пайдаланатын алаяқтық схемаларды ұйымдастырушыларды анықтау одан да күрделі. ІІМ мәліметінше, интернет-алаяқтардың қоңырауларының 90 пайызына жуығы әлеуметтік желілер мен WhatsApp, Telegram сияқты мессенджерлер арқылы жасалады.
– Интернет-алаяқтардың қоңырауларының 90 пайызына жуығы мессенджерлер немесе әлеуметтік желілер арқылы жасалады. Алайда бұл платформалардың Қазақстан аумағындағы қызметі заңнамалық тұрғыдан реттелмеген. Осыған байланысты олардың қызметін реттеу жөнінде түзетулер мен ұсыныстар әзірлеу бастамасы көтерілді. Бұл мәселе Ішкі істер министрлігінің құзыретіне кірмейтіндіктен, тиісті түзетулер ұсынылды. Қазір бұл бағытта Цифрлық даму министрлігі жұмыс істеп жатыр. Мәселе биыл сәуір айында өткен Үйлестіру кеңесінде көтерілді, – деп хабарлады ІІМ-нің баспасөз қызметі.
Дроппер болмау үшін нені ескеру керек?
Алаяқтардың арбауына түспеу үшін ең алдымен күмәнді ұсыныстарға сақтықпен қарау қажет. ІТ сарапшы Мөлдір Аманбай азаматтарға банк шоты мен картасын бөгде адамдардың пайдалануына бермеуге, сондай-ақ белгісіз біреулердің өтінішімен ақша аудармауға кеңес береді.
– Жеңіл табыс туралы уәделерге сенбеңіз. Әсіресе желі арқылы бейтаныс адамдардан келген ұсыныстарды мұқият тексеріңіз. Шотыңызға белгісіз ақша түссе, банкке дереу хабарласыңыз. Біреу қоңырау шалып, ақшаны кері аударуды сұраса да оны өз бетіңізше басқа картаға жібермеңіз. Күдікті әрекеттерді байқасаңыз, 102 нөміріне хабарласуға немесе Cyberpolice.kz сайты арқылы арыз беруге болады, – деді сарапшы.
Сондай-ақ банк картасын, PIN-кодты, CVV-кодты, SMS арқылы келетін растау кодтарын және мобильді қосымшаға қолжетімділікті бөгде адамдарға беруге болмайды.
Айта кетейік, елімізде iPhone 18-ге қатысты жаңа алаяқтық схема пайда болды.