Дроппинг-схемаларға қатысқандардың қылмыстық жауапкершілігі күшейтілді — Бас прокуратура

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда дроппинг-схемаларға қарсы іс-қимыл жаңа деңгейге шықты, енді қылмыстық жауапкершілікке тек ұйымдастырушылар ғана емес, дропперлердің өздері де тартылады. Бұл туралы Bizdin Orta подкастының эфирінде Бас прокуратура басқармасының аға прокуроры Сұлтан Батталов мәлім етті.

Султан Батталов
Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

Оның айтуынша, бұған дейін дропперлердің әрекеті Қылмыстық кодекстің 28-бабы бойынша қылмысқа қатысудың бір түрі ретінде қарастырылған.

— Енді заңнамаға дроппинг процесін ұйымдастырушылар мен дропперлердің өздеріне қатысты тікелей қылмыстық жауапкершілікті көздейтін нақты нормалар енгізілді. Бұл маңызды қадам, себебі заңсыз қызмет түрлері үнемі өзгеріп, жетілдіріліп келеді, — деп атап өтті Батталов.

Бас прокуратура өкілдері атап өткендей, заңнаманы қатайту оң нәтижесін бере бастаған: жаңа құқықтық тетіктер қаржылық схемаларды тиімді түрде тоқтатуға және қылмысқа қатысы бар барлық тұлғаларды жауапқа тартуға мүмкіндік береді.

Дроппинг — үшінші тұлғаларға заңсыз қаржылық операцияларды жүргізу үшін өз деректерін немесе банк шоттарын беру. Мұндай схемалар ақшаны заңсыз жолмен «жылыстату», алаяқтық және өзге де қылмыстар үшін кеңінен қолданылады.

Бұған дейін подкастта Асхат Ниязовтың әрекетіне құқықтық баға берілетіні жарияланған болатын.

Соңғы жаңалықтар