ДСМ: Амбулаторияға тегін бөлінген дәрілер дәріхана сөрелеріне шығып жатыр

АСТАНА. KAZINFORM — Денсаулық сақтау министрінің орынбасары Тимур Мұратов Үкімет отырысында жыл аяғына дейін биологиялық белсенді қоспаларды таңбалау басталатынын айтты.

Амбулаторияға тегін бөлінген дәрілер дәріхана сөрелеріне шығып жатыр
Фото: Денсаулық сақтау министрлігі

Оның сөзінше бұған дейінгі дәрілерді таңбалау тәсілі саладағы біраз заңсыздықтың бетін ашқан.

— Таңбалау жүйесін енгізу дәрілік заттардың айналым ашықтығын арттырып, олардың бөлшек саудасында салық түсімдерінің өсуіне оң әсер етті. Биыл бюджетке 24 млрд теңге салық түсімдерін алып келді. Таңбалау жүйесінің көмегімен тұрғындарға тегін берілген амбулаториялық дәрілердің дәріханаларында сату фактілері анықталды, — деді ол.

Министрлік аталған заңсыздықтардың себебін анықтау үшін Бас прокуратура бірге жоспардан тыс тексерулер бастаған көрінеді.

Министрлік осындай заңбұзушылықтарға жол берген субъектілерге қатысты қатаң шаралар қабылдайды.

Осы жылдың желтоқсан айында медициналық бұйымдар мен биологиялық белсенді қоспаларды таңбалау бойынша пилоттық жобасы басталады, — деді вице-министр.

Айта кетейік, бүгін Үкімет халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жайын талқылап жатыр. 

Соңғы жаңалықтар