ДСМ-нің Трансфузиология ғылыми-өңдірістік орталығын құру туралы шешім қабылданды

АСТАНА. 14 ақпан. ҚазАқпарат - 2011 жылғы 10 ақпанда Қазақстан Республикасы Үкіметі Астана қаласы Қан орталығының базасында ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің «Трансфузиология ғылыми-өңдірістік орталығы» республикалық мемлекеттік кәсіпорнын құру туралы шешім қабылданды.
None
None

«Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың тапсырмасы бойынша 2007 жылы Қазақстан Республикасының Үкіметі Қан қызметін дамытудың салалық бағдарламасын қабылдады, өңірлерде 10 жаңа қан орталығы салынды, қазіргі заманғы жабдықтар орнатылып, мамандар өз біліктілігін арттырды. Мемлекет қан қызметін техникалық жағынан жаңарту бойынша кешенді шаралар қабылдауда», - деп хабарлады ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі.

Республикада қан қызметін облыстық орталықтардағы және Астана, Алматы қалаларындағы 23 қан орталығы атқарады. Республика бойынша қан тапсыру саны жағынан қажетті көлемде дайындалды.

Сонымен қатар қан қызметін дамыту өндірістік және клиникалық трансфузиологияның түрлі мәселелері бойынша ғылыми-қолданбалы зерттеулерді, ғылыми зерттемелерді, ұсыныстарды және қызмет стандарттарын қажет етеді.

Қан қызметіне халықаралық сапа стандарттарын енгізудің, трансфузиология дара мектебін құрудың, трансфузиологтардың халықаралық қауымдастығына жақындастыру қажеттілігі Трансфузиология ғылыми-өңдірістік орталығын ұйымдастыруды талап етті. Орталыққа Қазақстан Республикасы қан қызметінің іс-қимылын үйлестіру, өндірістік және клиникалық трансфузиология саласында ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу, сапаны басқару жүйесін енгізу және республика қан қызметін халықаралық стандарттарға сәйкестендіру барысында аккредитациядан өтуге дайындау, шетелдік зауыттарда қан препараттарын дайындау мақсатында плазманы келісім-шарттық фракциялауды дамыту бойынша қызметті үйлестіру міндеттері жүктелген.

2009 жылы «100 мектеп, 100 аурухана» атты мемлекеттік бағдарлама шеңберінде салынған Астана қаласының Қан орталығы бүгінгі күні қалалық және республикалық медицина ұйымдарын қамтамасыз етеді. 2010 жылы дайындалған қанның көлемі 25 тоннаны құрады, бұл былтырғы деңгейден 42%-ға артық.

Орталықта жұмыс істеу мен мамандардың кәсіби біліктілігін дамыту үшін барлық жағдай жасалған. 2009-2010 жылдар ішінде Израиль, Польша, Чехияның алдыңғы қатарлы қан орталықтарында өз біліктілігін 30 қызметкер арттырып, Ресейдің ғылыми орталықтарының аспирантурасында оқып жүр.

Астана қаласының Қан орталығында қан дайындау жағдайы ең жоғары халықаралық стандарттарға сәйкес келеді. Мұнда қан компоненттерін зертханалық диагностикалаудың, автоматты түрде дайындау және қайта өндеудің қазіргі заманғы технологиялары іске енгізілді. Иммунологиялық және инфекциялық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің бірнеше әдістері қолданылып жүр, олар лейкофильтрлеу, вирустазарту, карантиндеу.

Республикада алғаш рет гемотранссивтік инфекцияларды ПТР (полимеразды тізбекті реакция) - диагностикалаудың толық автоматтандырылуы жүзеге асырылды және С гепатитін анықтауға арналған иммуноблотинг енгізілді.

Өндірістік процестерді ақпараттық қолдаудың толық автоматтандыруына қол жеткізілді. Қан компоненттері сапасына зертханалық бақылау жүргізу процесі автоматтандырылған.

Қан орталығында донорларды тіркеуден басталатын, скрининг және өндіріс процестерін қоса алғанда, дайын өнімді шығару және трансфузиялық көмек көрсетуге дейінгі барлық кезеңдерде сапаны басқару жүйесі енгізіліп жатыр. Көрсетілген шаралар кешенін орындау трансфузияның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.

Республика қан қызметі іс-әрекеттерінің сапасын арттыру мақсатында сапаны басқару жүйесі өңірлік жағдайларға бейімделіп, ел бойынша таратылады. Сонымен қатар, отандық қан қызметін халықаралық аккредитацияға дайындау шаралары қабылданады.

Республика қан орталықтары қызметінің тұрақты инспекциясы құрылып, қазіргі кезде осы шаралар іске асырылып жатыр.

Соңғы жаңалықтар