ДСҰ Эболаның әлемде таралу қаупін бағалады

АСТАНА. KAZINFORM – Конго Демократиялық Республикасы мен Угандада Эбола вирусының таралу қаупі ұлттық және аймақтық деңгейде жоғары, бұл ретте жаһандық қауіп төмен болып қалып отыр. Бұл туралы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДСҰ) бас директоры Тедрос Адханом Гебрейесус мәлімдеді, деп хабарлайды Kazinform.

ВОЗ оценила риск распространения Эболы в мире
Фото: ivyenews.by

Сәрсенбі күні Женевада ДСҰ Төтенше жағдайлар жөніндегі комитетінің отырысы өтті, онда ұйым басшысы бүгінде Эбола вирусын жұқтыру деп шамаланған 600-ге жуық оқиға және 139 өлім тіркелгенін мәлімдеді.

Оның айтуынша, Конго ДР солтүстік провинцияларында 51 жағдай расталған, алайда елдегі эпидемияның нақты ауқымы әлдеқайда үлкен.

Конго ДР-да жұмыс істеп, Германияға эвакуацияланған америкалық азаматтың да вирус жұқтырғаны расталды. Тедрос Адханом Гебрейесус үлкен алаңдаушылық тудыратын бірнеше факторды келтірді.

- Біріншіден, вирустың ұзақ мерзімді таралуын ескере отырып, індет анықталғанға дейінгі кезеңде бұл сандардың артуын шамалаймыз. Екіншіден, эпидемия кең аумаққа таралды: науқастар бірнеше қалалық агломерацияда анықталып жатыр. Үшіншіден, медицина қызметкерлерінің өлімі тіркелді, бұл вирустың медициналық көмек көрсету кезінде таралып жатқанын көрсетіп отыр. Төртіншіден, эпидемия аймағында халықтың қарқынды қозғалысы байқалып отыр. Соңында, бесіншіден, эпидемияны эболавирустардың бірі - Бундибугио вирусы тудырады, оған қарсы вакциналар немесе дәрі-дәрмектер тіркелмеген, - деп мәлімдеді ол.

Сарапшылар атап өткендей, Бундибугио вирусы басқа Эбола вирусының басқа түрлеріне қарағанда өлімге көбіне әкелмейтін болса да, сирек кездесуі онымен күресудің құралдары аз екенін білдіреді.

Қазіргі уақытта Бундибугио вирусына қарсы вакцина жоқ, бірақ эксперименттік препараттар әзірлену үстінде.

ДСҰ бағалауынша, Эболаның белгілі бір штамына қарсы вакцинаның қолжетімді болуы үшін тоғыз айға дейін уақыт кетуі мүмкін.

DW жазуынша, қазіргі індет Конго Демократиялық Республикасындағы 17-ші Эбола індеті болды. Вирустың көп таралуы 2025 жылдың тамыз айында тіркелді, сол кезде 34 адам қайтыс болды. Елдегі ең ірі індет 2018 жылдан 2020 жылға дейін созылды, сол кезде шамамен 2300 өлім жағдайы тіркелген. Жалпы алғанда, соңғы 50 жылда Африкада бұл аурудан шамамен 15 мың адам қайтыс болды.

Осыған дейін ҚР СІМ Африкадағы эбола індетіне байланысты үндеу жасады.

Шетелге шыққанда нені ескеру қажет екенін мына материалдан оқи аласыз.