ДСҰ - Қазақстан экономикасы үшін бәсекелестіктің жаңа сатысы
Айта кетерлігі, Дүниежүзілік сауда ұйымына қосылу барысындағы үдерістер Қазақстан келiссөздері Ұйым тарихы бойынша ең күрделi болды. «Қазақстанның Ұйыммен, оның мүшелерімен арадағы келіссөздері 19 жылдан астам мерзiмге созылды. ДСҰ хатшылығының және бiзбен келiссөз жүргiзген iрi мемлекеттердiң пiкiрiне зер салсақ, ДСҰ құрылғалы берi бiздiң келiссөздер ең күрделi келiссөз болып табылады екен. Себебі, бiз Кедендiк одақтамыз, мұнымен бірге 2012 жылдан бастап Еуразиялық экономикалық одаққа да мүше болып табыламыз. Сондықтан, маңызды мәселелеріміздің жартысы дерлік ЕАЭО комиссиясының құзырында. Негізі, барлық мәселелерді ЕАЭО-ға мүше мемлекеттермен ақылдасып, келісе отырып, осы шешiмдердi қабылдадық деп айтуымызға болады», - дейді Экономикалық интеграция істері министрі Жанар Айтжанова. Оның айтуынша, келіссөздер барысының осыншама созылуына тағы бір маңызды себеп бар, бұл - Қазақстанның өзіндік ұлттық мүдде-талаптарының табанды қорғалуына да қатысты мәселе.
Айта кетерлігі, Қазақстанның сыртқы саудадағы ең басым үлесi ДСҰ-ға мүше мемлекеттерге тиесiлi. Сондықтан, елiмiздiң аталмыш ұйымға енуi заңды әрі заман талабына үндесетін мәселе. Мәселен, ресми мәліметтерге сүйенсек, бүгiнгi таңда ДСҰ-ға әлемнiң 161 мемлекетi мүше болып отыр. Қазақстан бұйырса 162-ші мүше мемлекет атанбақ. Ал қазіргі таңда әлемдiк сауданың 98 пайызы осы Ұйымға мүше мемлекеттердiң үлесiне тиедi екен. Егер Қазақстанға қатысты мәліметтерге келсек, 2014 жылдың соңғы деректерi бойынша, еліміздегі сыртқы сауда айналым 119,4 млрд. АҚШ долларын құраған. Осы сауданың ең iрi үлесi ДСҰ-ға мүше мемлекеттерге тиеді. Атап айтқанда, қазақстандық сыртқы сауданың 40 пайыз үлесiн Еуроодақ елдерi алып отыр. Одан кейiн өткен жылдары ғана ДСҰ мүшесі атанған Ресеймен сауда үлесі - 19 пайыз, Қытаймен - 18, Швейцария - 5, Түркиямен 3 пайыз болып келедi. Міне, осы ақпараттың өзінен Қазақстанның сыртқы сауда айналымындағы мемлекеттердің басымы ДСҰ аясында әрiптес болып жүрген мемлекеттер екені аңғарылады.
«ДСҰ-ға өту деген - тек қана сыртқы сауда саясатын ғана емес, өзiнiң экономикалық, ауыл шаруашылығы, өнеркәсiп саласындағы саясаттарын осы ДСҰ ережелерi мен құқықтық базасына сай жүргiзу деген сөз. Ол бiздiң елге келетiн тiкелей шетелдiк инвестицияның көлемiн арттыруға тiкелей септігін тигізеді. Бiз тәуелсiздiк алған бастапқы жылдарда басқа елдермен екi жақты сауда және инвестициялық келiсiмдерге қол қойған болатынбыз. Сол келiсiмдердiң арқасында бүгiнгi күнi Қазақстан экономикасына 200 млрд. долларды құрайтын тiкелей шетелдiк инвестициялары келдi. Ол бiздiң экономикамыздың өркендеуiне тiкелей әсер еттi. Экономикамыздың қазiргi дамуы кезеңiнде бiздiң ең үлкен мақсат - оны әртараптандыру. Бiздiң экспортымыздың 80 пайызы шикiзаттың еншісінде. Сондықтан бiз қазiргi заманғы инвестициялық және сауда келiсiмдерiн жасап жатырмыз», - деп түсіндіреді Экономикалық интеграция істері министрі Жанар Айтжанова.
Ал ДСҰ аясында нендей жаңалықтар күтіледі дегенге келсек, ең алдымен елімізде кедендік тарифтік саясат өзгеріске ұшырайды. Мәселен, мәліметтерге сүйенсек, жалпы тауарларға қатысты Қазақстанның қазіргі Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы орташа кедендік тарифі 10,4 пайызды құраса, бұл көрсеткіш Кедендік одақ құрылғанға дейін 6,2 пайыз шамасында болған екен. Бұл ретте Ауыл шаруашылығы тауарлары үшін кедендік баждың орташа деңгейі 10,2 пайызды құрайтын болады, ал өнеркәсіп тауарларына бұл көрсеткіш - 5,6 пайыз деңгейінде болмақ. 3 мың 512 тауарлы позициялар бойынша, соның ішінде автокөліктер, азық-түлік, ағаш материалдары, зергерлік бұйымдар, сым-темірлер, кабельдер, сусындар және тағы басқаларға Қазақстандағы баж Еуразиялық экономикалық одақтың Бірыңғай кедендік тарифінен алынатын болады. Яғни, бұндай тауарларға Бірыңғай кедендік тариф деңгейіне қарағанда біршама төмен болады. Бұдан бөлек, Дүниежүзілік сауда ұйымына кіргеннен соң Қазақстанда экспортпен және импорт алмастыру шараларымен байланысты субсидиялар толық тоқтатылады. ДСҰ аясындағы қол жеткен келісімдерге орай, Қазақстанда сиыр еті, шошқа және құс етіне тарифтік квота мөлшері арттырылатын болады. Бұдан бөлек, қызмет көрсетудің он секторы және 116 секторға тәуелді бағыт бойынша қолжетімділікті қамтамасыз ету туралы міндеттемені Қазақстан өзіне алатын болады. Олардың ішінде телекоммуникация, сақтандыру, банктік қызмет, көлік, туризм, сауда және басқа да салалар бар. Сонымен қатар, Қазақстан ДСҰ-ға ресми қосылған күннен кейінгі төрт жыл ішінде үкіметтік сатып алулар туралы келісімге қосылу туралы келіссөздерді бастайтын болады. Бұдан бөлек, алдағы уақытта жер қойнауын пайдалану туралы келісімшарттардағы жергілікті қамту туралы талаптар түріндегі мемлекеттік қолдаулар жойылады. Бұдан бөлек, ДСҰ-ға кіргеннен бастап экспортпен, импортты алмастырумен байланысты барлық субсидияларға тыйым салынуы керек.
Мақтанышпен айтуға тұрарлық мәселе - Қазақстанның ДСҰ-дағы ең басты жеңiсi - жалпы ауыл шаруашылығы өнiмiнiң 8,5 пайыз көлемiнде субсидиялауды жүргiзу құқығы болып табылады. Министр Жанар Айтжанованың сөзіне сенсек, ДСҰ құрылғалы берi мұндай нәтижеге тек Қытай мен Қазақстан ғана қол жеткiзiп отыр. «Ұзаққа созылған келiссөздерде бiз ауыл шаруашылығына басымдық бердік. Себебi халқымыздың 40 пайызы ауылда тұрады. Және олардың табысы мен күнкөрiсi ауыл шаруашылығы саласындағы атқарылған iстерге тiкелей байланысты», дейді министр Жанар Айтжанова. Оның айтуынша, «сары корзинаға» қатысты сауалдар келiссөздерде өте қиын жүріп, келiссөздердiң мерзiмiн де ұзартып жiберген. «Себебi бiзге ұйымға ену емес, ДСҰ-ға қандай талаптармен кiретiнiмiз маңызды болды. Ең басты жеңiсiмiз - жалпы ауыл шаруашылығы өнiмiнiң 8,5 пайыз көлемiнде субсидиялауды жүргiзу құқығы. ДСҰ құрылғалы берi мұндай нәтижеге тек Қытай мен Қазақстан қол жеткiзiп отыр. Қытай 2001 жылы ДСҰ-ға мүше болғанын бiлесiздер», - дейдi ол.
Дегенмен, бұл ДСҰ аясында Қазақстанның ауыл шаруашылығы басымдыққа мейлінше ие болады деген сөз емес. Оның үстіне Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков ДСҰ-ға кіруде барлық мәселелердің шешімі деп қарауға да болмайтынын алға тартады. «ДСҰ-ны қандай да бір санаторий немесе барлық мәселелердің шешімі деп қарастыруға болмайды. ДСҰ - бәсекелестіктің жаңа сатысы, жаңа белестер мен жаңа тәуекелдер. Бұл импортшыларға тың мүмкіндіктерінің артады деген сөз», - дейді Ауыл шаруашылығы министрі. Оның сөзін барласақ, Қазақстанның ДСҰ-ға кіруі жаңа инвестициялар тартуға, дау-жанжалдарды халықаралық соттарда шешуге, сондай-ақ, халықаралық сауда ережелерін құруға атсалысуға мүмкіндік туады. «Менің ойымша, ауыл шаруашылығы үшін көптеген мүмкіндіктер болады. Біздің ендігі міндетіміз сол мүмкіндіктерді жіберіп алмай, жүзеге асыра білу болмақ», - дегенді айтады министр.