ДСҰ «тариф соғысына» байланысты әлемдік сауданың құлдырайтынын болжады
АСТАНА. KAZINFORM – Дүниежүзілік сауда ұйымы (ДСҰ) «тариф соғысы» мен сауда қатынастарындағы өсіп келе жатқан белгісіздікке байланысты әлемдік сауда көлемінің қысқаруы мүмкін екенін ескертті, деп хабарлайды Kazinform меншікті тілшісі.

Дүниежүзілік сауда ұйымының сәрсенбі күні жарияланған «Әлемдік сауданың болашағы мен статистикасы» атты есебіне сәйкес, тауарлардың жаһандық саудасының көлемі 0,2% қысқарады. Бұл дегеніңіз «тариф төмен» болуы мүмкін деп болжанған базалық сценарийден үш пайыздық пунктке төмен.
Жағдай одан әрі ушыға беретін болса, сауда көлемінің қысқаруы 1,5%-ке жетуі мүмкін.
ДСҰ экономистері болжамды қайта қарады
Биылғы жыл басындағы алғашқы болжам біршама оң еді. ДСҰ әлемдік ІЖӨ көлемінің артуына орай тауар мен қызметтер саудасы өседі деп болжаған болатын. Алайда қаңтар айынан бері енгізілген жаңа тарифтердің көлемі болжамды қайта қарауға мәжбүр етті.
ДСҰ болжам жасау тәуекелдері, соның ішінде АҚШ тарапынан «өзара тарифтерді» жандандыру мен сауда саясатындағы белгісіздік туралы ескертті.
Егер бұл қауіп расталатын болса, әлемдік сауда көлемі 1,5% қысқаруы мүмкін.
ДСҰ бас экономисті Ральф Осса сауда саясатындағы белгісіздік эспортты тежеп, экономикалық белсенділікке кедергі болатынын айтты.
Оның сөзінше, тарифтер кең көлемде әсер етеді және оларды болжау қиын болатын кездер сирек емес.
- Біздің модельдеу жұмыстарымыз сауда саясатының белгісіздігі экспортты қысқартып, экономикалық белсенділікке кері әсер етіп, сауда ағындарының екпінін тежей түсетінін көрсетті. Бұған қоса тарифтер кең ауқымды және көп жағдайда нәтижесі алдын ала ойластырылмаған саяси тетік болып табылады, - деді Осса.
Тариф соғысының өңірлік салдары
Болжам бойынша, тауар саудасына деген таяудағы тариф шаралары әр өңірде әрқалай қалыптасады. Бұл ретте әсіресе Солтүстік Америка қатты зардап шегеді. Нақтырақ айтсақ, экспорт 12,6% қысқарып, импорт 9,6% өседі. Өңірлердің әлемдік сауда айналымына ықпалы кері кетеді, жаһандық көрсеткіш бойынша 1,7 пайыздық пунктке минусқа түседі.
Азия мен Еуропа үшін аздап болса да өсім болады. Азияда экспорт пен импорт 1,6%, өседі, Еуропада экспорт 1% артса, импорт 1,9% өседі. Өзге елдер әлемдік сауданың өсуіне оң ықпалын сақтап қалады. Бұл ретте аталған елдер өсімді өзге салалармен қоса алғанда энерготасымалдаушыларды экспорттау есебінен жүзеге асырады.
АҚШ пен Қытай логистиканы өзгерте бастады
АҚШ пен Қытайдың сауда бойынша көзқарастарының тоғыспауы жаһандық сауда ағындарын бөлуге әкеледі. Бұл ретте Солтүстік Американы айтпағанда, әлемнің көптеген аймақтарында Қытай тауарларының экспорты 4-9% дейін артады деген болжам бар. Қытайдан АҚШ-қа тасымал тоқыма, киім-кешек, электр құрылғылары сияқты секторларда қысқарады. Өз кезегінде ол баламалы жеткізушілерге жаңа мүмкіндіктер ашуы мүмкін.
Жоғары тарифтер әлемдік тауар саудасының көлеміне тікелей ықпал етіп, бұл өз кезегінде жүк тасымалы мен логистикалық қызметтерге деген сұранысты төмендетеді. Бұл жағдай әсіресе жүктердің көп бөлігі тасымалданатын әуежай мен порттарда айқын көрінеді.
Халықаралық туризм бірінші кезекте зардап шегетін секторлардың бірі болуы мүмкін. Себебі экономикалық белгісіздік кезінде жол жүру мен жатын орынды жалға алуға кететін шығын бірден білінеді. Сондай-ақ тауар айналымына ықпал ететін IT-қызметтер, зерттеу мен дайындау сияқты қосалқы қызметтерге де сұраныс қысқара бастайды.
Тұрақсыздық жағдайындағы қызмет көрсету саласы
Тарифтер қызмет көрсету саласына тікелей ықпал етпегенімен, олар да құлдырайды. Коммерциялық қызметтер саудасына деген болжамды әлемдік ауқым 4% ғана өседі, бұл күткендегіден төмен.
Биыл қызмет көрсету саласы бойынша экспорт Еуропада өседі - 5%. Одан кейін 4,4 пайызбен Азия тұр. Солтүстік Америкада бұл саланың қарқыны 1,6% төмендейді, дегенмен 2026 жылы бұл жағдай оңалып, өсім 2,3% жетеді. Таяу Шығыста бұл процес баяулап, 2025 жылы 1,7%, 2026-да 1% болады.
ТМД елдерінде қызметтер экспортының өсімі 2025 жылы 1,1% деңгейінде сақталады, алайда 2026 жылы бұл көрсеткіш 3,5% жетеді.
Ал Африка, Оңтүстік, Орталық Америка мен Кариб өңіріне қатысты болжам мәз емес. Бұл аймақтарда биыл қызмет көрсету экспортының көлемі қысқарады деп болжанып отыр.
Осыған дейін АҚШ Қаржы министрі тариф саясатында ілгерілеу болады деп үміттенетіні туралы жаздық.