ДСҰ ЖӘНЕ ҚАЗАҚСТАН: Ұйым беретін 10 мүмкіндік
ДСҰ дегеніміз не?
Дүниежүзілік сауда ұйымы (ДСҰ) - бұл мемлекеттер арасында сауда жүргізу ережелерінің жүйесін жетілдірумен айналысатын жалғыз халықаралық ұйым. ДСҰ-ның негізі сауда бойынша әрекетті жүзеге асыратын көптеген әлем мемлекеттерінің талқыға салып, қол қоятын және содан соң бұл ережелер парламентте бекітілетін келісімдер болып табылады. Бұл келісімдердің мақсаты - тауарлар мен қызметтердің өндірушілеріне, экспорттаушылары мен импорттаушыларына өзінің коммерциялық әрекеттерін жүргізулеріне жәрдемдесу.
Ұйым мақсаттары
1994 жылғы 15 сәуірдегі Дүниежүзілік сауда ұйымын құру туралы Марракеш келісімінің екінші тарауында ұйымның негізгі мақсаты көрсетілді. Олар төмендегідей мақсаттар:
ДСҰ-ға мүше елдер халықтарының әл-ауқатын, өмір деңгейін жоғарылату, тауарлар және қызметтермен толық қамтылуына қол жеткізу, сонымен қатар нақты кірістердің жоғарылауы және үнемі өсуіне ықпал ету. Қойған мақсаттарына қол жеткізу үшін ДСҰ-ға мүше елдер бір-бірімен «еркін сауда» құруға, яғни сауда ағымдарын ырықтандыруға және өзара пайдалы келісімдерді құру мақсатындағы келіссөздерді жүргізу арқылы тауарлар мен қызметтердің өндірісін және сауда көлемдерін арттыруға кірісті. Сонымен қатар, Келісімнің кіріспе бөлімі халықаралық сауданың өсуінен дамушы елдердің, соның ішінде, әсіресе, дамуы неғұрлым төменгі жағдайдағы елдердің өздерінің экономикалық дамуына сәйкес келетін үлесті алу мүмкіндіктерін күшейте түсу қажеттігін мойындайды.
Ұйым міндеттері
Дүниежүзілік сауда ұйымын құру туралы Марракеш келісімінің 3-бабы ДСҰ-ның төмендегідей міндеттерін белгіледі: көпжақты сауда келісімдерін реттеу және жүзеге асыру; форум түрінде сауда келіссөздерін өткізу; сауда дауларын шешуде Дауларды шешу ережелері мен процедуралары туралы келісімдерді қолдану; ДСҰ-ға қатысушы елдердің сауда саясатын қайта қарастыру механизмін қолдану; ДСҰ-ға қатысушы мемлекеттердің басқа халықаралық ұйымдармен өзара әрекеті.
Ұйым беретін 10 мүмкіндік
1. Сауда дауларын конструктивті шешу: Бүкіл әлем бойынша сауда көлемінің, сонымен қатар, ДСҰ-ға қосылған елдер саны және сауда компанияларының көбеюіне байланысты сауда дауларының пайда болу ықтималдығы да арта түсуде. Бұл ретте ДСҰ жүйесі пайда болған дауларды конструктивті және татулықпен шешуге көмектеседі.
2. Ойын ережелерінің анықтығы: ДСҰ аясындағы артықшылықтардың бірі ДСҰ-ға қатысушы мемлекеттер арасындағы келіссөздердің барысын жеңілдететін, осыған дейінгі уақытпен тексерілген және тәжірибеде жүзеге асырылған ойынның белгіленген ережелерінің қолданылатындығы болып табылады.
3. Бағаларды қысқарту: Сауда саясатын ырықтандыру және протекционистік кедергілерді қысқарту нәтижесінде тауарлардың еркін саудасы тауарларды импорттауды елеулі көбейтеді. Бұл жердегі ең бастысы импортталған тауарлар бағасының төмен болуы ішкі рыноктағы тауарлар бағасының да төмендеуіне ықпал етеді. Міне, еркін сауданың халықаралық деңгейде осылайша күшеюі бүкіл әлем бойынша тұтынушылардың шығындарын қысқартуға мүмкіндік береді.
4. Жаңа технологиялардың келуі: Импорттық тауарлар көлемінің көбеюі жаңа техника мен технологиялардың келуін қамтамасыз етеді. Өйткені, ішкі рыноктағы тауарды өндіруші импорттық бағасы арзан, сапасы жоғары тауарлармен күресіп, оларды ығыстыру үшін өз өндірісін жаңартуға, оларды неғұрлым жаңа технологиялармен жабдықтауға, мамандардың біліктілігін көтеруге мәжбүр болады.
5. Жай қажетті ғана емес, сонымен қатар, тілеген өнімді таңдау мүмкіндігі: Барлық тауарлар мен қызметтердің импортталу мүмкіндігі және ішкі рынокта оларға жол ашылуы ел ішіндегі тұтынушыларға енді жай ғана қажетті өнімді сатып алып қана қоймай, сонымен қатар, өздерінің тілеген және ұнататын, өз көңілдерінен шығатын және сапаға қоятын талаптарын қанағаттандыратын өнімдерді таңдау мүмкіндігін береді.
6. Экономиканы ынталандыру: Импорттың көлемін көбейту тек қана жаңа технологиялардың келуін қамтамасыз етеді және тауарлар мен қызметтерді таңдауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, өндірісті дамытуға және қайта жабдықтауға отандық өндірісті ынталандырады. Осылайша, өзінің өнімнің бәсекеге қабілеттілігін және өндірістік қатынастағы мәдениеттің деңгейін жоғарылатады.
7. Өндірістің өсуі: Өндірістің өсуі негізінен бәсекеге қабілетті салаларда: энергетика, шикізат және қайта өңдеу салаларында жүреді.
8. Отандық өндірісті сыртқы рыноктарда демпингке қарсы және квоталық шектеулерден қорғау: ДСҰ шеңберінде демпингке қарсы шаралардың және квоталық шектеуліктердің халықаралық деңгейде алынып тасталуы отандық өндіріске қолайлы жағдайларды қамтамасыз етудің нақты мүмкіндігін береді. Бұл отандық өндірістің қуатты салаларында экспорттың өсуіне ықпал етеді.
9. Өнеркәсіптік кооперацияны дамыту: ДСҰ шеңберінде біріккен кәсіпорындарды құру, біріккен зерттеулерді өткізу, зияткерлік меншіктің объектілерін басқа мемлекеттермен алмастыру мүмкіндігі аса пайдалы болады.
10. Іскерлік белсенділікті жоғарылату: ДСҰ шеңберінде қосымша инвестицияларды тарту мүмкіндігі пайда болады. Бұдан басқа, батыстың қаржы корпорацияларының келуі арзан және ұзақ несиелерді алу көздерін ашады. Беліңді бу, кәсіпкер!
Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына қосылуы қазіргі күні кәсіпкерлердің көкейінде көптеген сұрақтарды туындатуда. Бұл мәселеге тұтынушы ретінде еліміздің кез келген азаматы ықылас танытуда. Осыған орай Экономикалық интеграция істері министрлігінің сайтындағы кейбір сауалдарға берілген жауаптарды жұртшылық назарына ұсынамыз. Мұндай жауаптарды газетіміз алдағы уақытта да жүйелі түрде жариялап отыратын болады, деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті.
Сұрақ: Дүниежүзілік сауда ұйымымен келіссөздер қалай жүргізілді? Оған кімдер қатыстырылды?
Жауап: Келіссөздерді Қазақстан атынан бір ғана адам жүргізген жоқ. Бұл үдеріске мемлекеттік көптеген органдардың (Мұнай және газ, Инвестициялар және даму, Ауыл шаруашылығы, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму және тағы басқа да министрліктердің) өкілдері жұмылдырылды. Сонымен қатар, келіссөз ұстанымдарын қорытындылап бекіту үшін Қазақстан Республикасы Үкіметі жанынан арнайы құрылған, Премьер-Министрдің орынбасары басқаратын Сауда саясаты мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия жұмыс істеді. Жекелеген мәселелер бойынша келіссөздер ұстанымы Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің басшылығымен жүргізілетін кеңестерде бекітілді. Сонымен қатар, Қазақстанның келіссөздердегі ұстанымдарын дайындау кезінде іскерлік орта өкілдері де белсенді түрде тартылды. Мәселен, қаржылық қызметтер нарығына рұқсат талаптар дайындау кезінде Қазақстандағы Қаржыгерлер ассоциациясының өкілдерімен және екінші деңгейдегі банктермен кеңестер жүргізілді. Акциздер ставкасын үйлестіру кезінде отандық темекі, алкоголь өнімдерін өндірушілермен кеңес болды. Сонымен, келіссөздердің ұстанымдарын дайындау кең түрде кеңесе отырып жүргізілді. Сондықтан іс барысындағы қазақстандық ұстанымдарды жеке бір адамның ғана пікірі деп есептеуге болмайды. Бұл ретте келіссөзді жүргізушілер командасына жүктелген негізгі міндет - мемлекеттік органдармен және іскерлік ортамен, кәсіпкерлік бірлестіктермен бірлесіп белгіленген ұстанымдарды қорғап шығу болды.
Сұрақ: отандық кәсіпкерлердің еліміздің ДСҰ-ға қосылуына үреймен қарайтындығы сезіледі. Осы қаншалықты негізді?
Жауап: Тек ел Үкіметі ғана емес, сонымен қатар, барлық бизнес-қауымдастықтың дайын болуын қажет ететін, ДСҰ-ға кіру біздің республикамыз үшін өте маңызды қадам екені даусыз. Біздің пікіріміз бойынша, ұсынылатын өнімдер мен қызметтер сапасы мәселелеріне тауар өндірушілер мен қызмет ұсынушылардың өздері барлық уақытта - әсіресе, елдің ДСҰ-ға кірер алдында баса көңіл бөлуі тиіс. Қытай тәжірибесі, қытай тауар өндірушілері ДСҰ-ға кіргеннен кейінгі бәсекелестікті күшейтіп, өздерінің өндірістік әрекеттерін алдын ала жетілдіргендігін көрсетті. Қазақстан ДСҰ-ға кіргеннен кейін тауарлардың кедергісіз қозғалысы үшін экономикалық және сауда шекараларын ашуы керек болады және отандық тауар өндірушілерге бұрынғыдан да үлкен бәсекелестікпен кездесуге тура келеді. Тауар өндірушінің мақсаты қандай болса да, мәселен, оның мақсаты ішкі нарықты өз өнімдерімен толықтыру ма немесе сыртқы нарықты игеру ме, оған өзі шығаратын өнім сапасын халықаралық стандартқа дейін көтеруге тура келеді. Қалай болғанда да, отандық өнім өндірушіге осыған қол жеткізу қажет.