Дуальдi оқыту: Кәсiпкерлер 2015 жылы 270 мыңнан астам грант бөлдi - БҒМ
АСТАНА. ҚазАқарат - Дуальдi оқыту аясында кәсiпкерлер 2015 жылы 270 мыңнан астам грант бөлдi. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметiнде өткен брифингте ҚР Бiлiм және ғылым вице-министрi Есенғазы Иманғалиев мәлiм еттi.
"Бәріміз білетіндей, 2012 жылы ақпан айында Мемлекет басшысы Германия еліне жасаған сапарының барысында дуальды жүйесін енгізу туралы тапсырма берген болатын. Сондықтан, 2014 жылғы Жолдауында алдағы екі-үш жыл ішінде техникалық және кәсіптік білімді ұлттық дуальды жүйеге құру міндетін берді. Осыған байланысты, былтыр Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, Денсаулық сақтау министрлігімен меморандумдарға қол қойылды. Сондықтан, бұл жұмыс жүйелі түрде нәтижесін беріп жатыр", - дейдi ол.
Оның сөзiне қарағанда, 3225 кәсіпорын 280 колледжбен әріптестік туралы келімшартқа қол қойған. Осылайша, 21 мың студент дуальды білім беру жүйесімен қамтылды. Бұл шамамен студенттердiң 34 пайызы.
"Енді осы қыз-жігіттерді жұмыспен қамту мәселесіне тоқталайын. Елбасының тапсырмасы бойынша, әрине, студенттердің 100 пайызын жұмыспен қамту міндеті тұр. 2015 жылға кәсіпкерлер 272 776 грант бөлді, 230 мың студентті тәжірибемен қамтиды. Бұдан тыс, 2000 меморандумға қосымша қол қойып жатыр", - деп атап өттi вице-министр.