Дубайда 134 қазақстандық жолаушыны орналастыру мәселесі шешілмей тұр
АСТАНА. KAZINFORM – «Туристік Қамқор» корпоративтік қорының төрағасы Инна Рей Kazinform агенттігінің тілшісімен тілдесу барысында Таяу Шығыстағы күрделі жағдайға байланысты қазақстандық туристерді Біріккен Араб Әмірліктерінен елге қайтару мәселесін көтерді.

— Қазір туристердің бір бөлігі Дубайда. Сан өзгеріп жатыр, соңғы мәліметтер бойынша 134 жолаушыны орналастыру қажет. Біз ақпаратты оқиға болғаннан кейін ғана аламыз. Себебі Fly Dubai мен Air Arabia әуе компанияларының ұшу кестелері ауытқып, бір тәуліктен астам уақыт бойы рейстерін орындамаған. Соның салдарынан елге қайтуы тиіс адамдардың саны көбейді, рейстер қайта жанданған күннің өзінде, барлығын бірден жеткізу мүмкін емес. Осы себепті кейбір туристер ұша алмай қалды, — деп түсіндірді Инна Рей.
Оның айтуынша, барлық туристік компания әуе компанияларымен бірлесіп аталған мәселені жедел шешуге тырысып жатыр. Көптеген жолаушы ертерек шығуға тырысты немесе бағытын өзгертіп үлгерді, бұл өз кезегінде әуе компанияларында бос орындардың пайда болуына себеп болды, сондықтан рейстер жедел қалыптасып жатыр.
— Уайымдаудың қажеті жоқ. Туркод алған барлық турист бақылауда, олардың барлығында бізге «ТУРКОД» мобильді қосымшасы арқылы хабарласуға, егер қандай да бір қызмет көрсету сапасына қатысты кемшіліктерді байқаса, хабар жіберу мүмкіндігі бар. Ең бастысы сабыр сақтап, түсіністік таныту, егер әуе компаниясы ұшуға шешім қабылдаса, демек барлық тәуекел ескерілген, — дейді Инна Рей.
Осы орайда «Туристік Қамқор» корпоративтік қорының басшысы әуе компаниялары мен туристік компанияларға сенім арту керектігін, егер төтенше жағдай туындаса, туристік компания өкілдері ұсынған ережелерге құлақ асу қажеттігін ескертті.
Айта кетсек, Сыртқы істер министрлігі хабарлағандай, 70-ке жуық қазақстандық Ираннан шығарылды.
Сондай-ақ еліміздің Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, бүгінде Иранда – 132, Израильде – 219 Қазақстан азаматы бар.