Дубайда медбикелерге «алтын визалар» беріледі

АСТАНА. KAZINFORM — Дубай Бірікке Араб Әмірліктерінде 15 жылдан астам жұмыс істеген медбикелерге «алтын визалар» береді, деп хабарлайды АЗЕРТАДЖ.

Рудненский перинатальный центр
Фото: Дарья Аверченко / Kazinform

Бұл шешім олардың қоғамға қосқан баға жетпес үлесі мен медициналық қызметтердің сапасын арттырудағы маңызды рөлін мойындау мақсатында қабылданды.

Дубайдың тақ ханзадасы, БАӘ-нің вице-премьер-министрі және қорғаныс министрі Шейх Хамдан бен Мухаммед бен Рашид Әл Мактум медбикелердің денсаулық сақтау жүйесінің алдыңғы шебінде жүргендерін айтып, дені сау қоғам құруда маңызды рөл атқаратынын атап өтті.

Шейх Хамдан медбикелердің пациенттерге күтім жасаудағы күнделікті күш-жігерін және басқалардың әл-ауқатына адалдығын жоғары бағалаған, деп мәлімдейді Dubai Media Office.

Бұл директива жыл сайын 12 мамырда атап өтілетін Халықаралық медбикелер күнінде қабылданды.

БАӘ-нің «алтын визалары» — елдің дамуына ерекше үлес қосқан, құнды дағдылары бар немесе экономикалық өсу үшін маңызды салаларда жұмыс істейтін адамдарға берілетін 10 жылдық тұруға рұқсат.

«Алтын виза» иегері БАӘ банктерінде шот аша алады, салық резиденті мәртебесін алады. Сонымен қатар әмірліктерде бизнес жүргізе алады және денсаулық сақтау қызметтерін пайдалана алады.

Бұған дейін 12 мамырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада Қазақстанға ресми сапармен келген Абу-Дабидің Тақ мұрагері шейх Халед бен Мұхаммед бен Заид Әл-Нахаянды қарсы алды. Абу-Дабидің Тақ мұрагері Қазақстанмен қай салалардағы ынтымақтастық жанданатынын айтты.

Соңғы жаңалықтар