Дубайда өтетін AI Film Award 2027 байқауының жеңімпазына 1 млн доллар беріледі
АСТАНА. KAZINFORM — Жасанды интеллект көмегімен түсірілген қысқаметражды фильмдерге арналған халықаралық AI Film Award 2027 байқауы өтінім қабылдауды бастады. Байқауда үздік деп танылған туындының авторына 1 миллион АҚШ доллары табысталады, деп хабарлайды Kazinform агенттігі WAM-ға сілтеме жасап.
Байқауға әлемнің әр түкпірінен 18 жастан асқан авторлар қатыса алады. Үміткерлер жасанды интеллект арқылы түсірілген, ұзақтығы 5-7 минут аралығындағы қысқаметражды фильмдерін ұсынуға тиіс.
Фильмдерді кез келген тілде түсіруге болады, бірақ ағылшын тіліндегі субтитрлер міндетті.
Қатысушылар бес тақырыптың бірін таңдай алады: қоғам және гуманитарлық мәселелер, жалған ақпарат, адам мен жасанды интеллект байланысы, климат және табиғат.
Қазылар алқасы фильмнің мазмұны мен идеясының бірегейлігіне, көркемдік стилі мен техникалық сапасына, сондай-ақ жасанды интеллектінің қаншалықты тиімді қолданылғанына мән береді.
Өтінімдер 2026 жылғы 20 қарашаға дейін қабылданады. Үздік он фильмнің тізімі 15 желтоқсанда жарияланып, сол күні ашық дауыс беру басталады. Ал бес финалистің есімі 25 желтоқсанда белгілі болады.
Байқау жеңімпазы 2027 жылғы 10 қаңтарда Дубайда өтетін 1 Billion Followers саммитінде анықталады. Саммит 8-10 қаңтар аралығында ұйымдастырылады. Байқау талаптарына сәйкес, авторлар өз туындыларына қатысты авторлық құқықтарын сақтайды.
Еске сала кетейік, қазан айының басында Астанада өткен Astana AI Film Festival фестиваліне 125 елден 8 067 өтінім түсті. Финалдық кезеңге 25 жұмыс іріктелді. Фестивальдің жалпы жүлде қоры 2 миллион АҚШ доллары болды. Оның ішінде Латвия өкілі Николай Шестак «The First Honest Day» фильмі үшін 450 мың доллар иеленді. Ал қазақстандық Мырзахан Жұмахан «Үздік кейіпкер» номинациясында жеңімпаз атанды.
Ақзат Жиеналина