Дубайға жыл басынан бері 10 млн-ға жуық шетелдік турист барған
АСТАНА. KAZINFORM — 2026 жылдың алғашқы он айында Дубайға шамамен 9,7 млн шетелдік турист барған. Таяу Шығыстағы әскери қақтығысқа байланысты наурыз айында туристер саны азайғанымен, жазда туризм саласы қайта жанданды, деп хабарлайды Khaleej Times басылымы.
Дубай туризм және коммерциялық маркетинг корпорациясының бас директоры Иссам Казимнің айтуынша, қазан айында әмірлікке 1,15 млн шетелдік турист келген. Бұл – ақпаннан бергі ең жоғары көрсеткіш. Ал алғашқы он айда Дубайға келген шетелдік туристердің басым бөлігі Батыс Еуропа елдеріне тиесілі болды. Олардың үлесі 19 пайызды құрады.
Айта кетейік, туристер санының артуы қонақүй саласына да оң әсер еткен. Наурыздан қазанның соңына дейін қонақүйлерге сұраныс 35 пайыз артты. Қазір Дубайда 151 мың қонақүй нөмірі бар, ал жыл басынан бері 28 млн-нан астам нөмірге тапсырыс берілген.
Иссам Казимнің сөзінше, экономиканың әртараптандырылуы Дубайға аймақтағы қақтығыстың әсерін еңсеруге көмектескен. Туризм және қонақүй салаларындағы қиындықтарға қарамастан, қаржы, құрылыс және әлеуметтік салалардың өсімі жалпы экономиканың дамуына ықпал етті.
Бұған дейін Дубай туристерге арналған алғашқы бірегей бағдарламасын ұсынғаны хабарланған болатын.