Дулат Исабеков: Кемел Тоқаев кемерінен аспайтын

Кемел Тоқаев қызмет пен жазушылықтың кемеліне жетіп жүрсе де кемерінен бір аспайтын. Бұл туралы ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның Еңбек Ері Дулат Исабеков айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Дулат Исабеков
Фото: из открытых источников

«Кемел Тоқаевпен етене жақын болдым деп айта алмаймын. Жазушылар одағындағы жиындарда кездесіп қалып, кейде қол алысып амандасып, кейде бас изесіп қана өте шығатынбыз. Мен Кемекеңмен оның Жоғарғы Кеңестің ведомствосының редакторы боп қызмет істеп жүрген кезінен бастап таныс-біліс бола бастадым. Жоғарғы Кеңестің ғимараты Жазушылар одағының іргесінде болғандықтан, ол кісі әдебиетшілер үйіндегі жиындарға үзбей қатысып жүретін. Жоғарғы Кеңестің қызметкері болғандықтан, ол кісіні көрген бетте ентелеп барып, амандаса кетуді ерсі санайтынбыз. Ыңғайсызданамыз. Қанша дегенмен Жоғарғы Кеңестің қызметкері ғой», - дейді Дулат Исабеков.

Жазушының Кемел Тоқаевпен «сырттай» таныстығы бірте-бірте сыйластыққа айналады. Айтуынша, оған ауық-ауық баспадан шығып жатқан жаңа кітаптары, Қазақстаннан, Мәскеуден алып жатқан сыйлықтары мен әр түрлі дәрежедегі марапаттары себеп болған.

«Құтты болсын» деп қолын алғанымызда баяғы сабырлы қалпынан таймай «рақмет» деп күбірлейтін де қоятын. Ол кісі Жазушылар одағына келіп-кетіп жүргенде немесе одақтың кеңсеішілік қызметін атқару барысында өзгелермен ақтарыла сырласып, әңгімелесіп жүрсе жүрген шығар, одақ қабырғасында менің Кемел ағамен жақын танысуымның реті келмепті. Менің ол кісімен жақынырақ араласуым 70-жылдардың аяғы, 80-жылдардың бас кезінде, жазушылардың шығармашылық үйінде басталды. Бұл кез - Кемел ағаның барлық қызметті атқарып болып, демалысқа шыққан кезі еді. Кемел ағамен жақынырақ танысып, ашығырақ сөйлесудің барысында ол кісінің мейлінше қарапайым, мейлінше сыпайы, қызмет пен жазушылықтың кемеліне жетіп жүрсе де кемерінен бір аспайтын, Есіл өзеніндей жайбарақат ағысынан бір танбайтын мінезге бай адам екеніне көзім жетті», - дейді Дулат Исабеков.

Бірақ, Кемел Тоқаев жаңа кітабы шыққанда жұрт сияқты дабыра қылмайды екен.

«Менің жаңа кітабым жарыққа шықты» деп жарияламай, үнсіз ғана қабылдай салатын да қоятын. Осындай кездің бірінде:

- Кемел аға, жаңа кітабыңызды Мемлекеттік сыйлыққа ұсынып көрмейсіз бе? - дегенімде:

- Әй, қойшы! Сүрініп қалсам атыма кір келе ме деп қорқамын.

- Сізді кім сүріндіреді? Жұрттың бәрімен доссыз ғой.

- Ленин айтқан ғой, «Береги меня от друзей, а с врагами сам справлюсь» деп. Дос боп жүрген адамдар өзгенің атының өзінің атынан озғанын қаламайды емес пе? Шығармамның біреуін үлкен сыйлыққа ұсынамын деп, достарымның қатарын сиретіп алғым келмейді. Маған сыйлықтан гөрі достарымның көп болғаны жақсы.
Тереңнен қозғап айтылған мынадай ғибраты мол тың ойға таңданып, үнсіз қалған едім», - деп еске алды.

Еске алу мен естеліктер дегенде Дулат Исабековты қапы қалдыратын екі ой бар.

«Бір өкінерім, жазушылардың шығармашылық үйінде апталап жатқанда суретке түсу деген ойымызға келмепті-ау! Кемел ағамен бірге Ғ. Мүсірепов, М. Қаратаев, тағы басқа ұлы адамдар да осы үйде демалып, жазу жазып жатты емес пе? Солармен суретке түсу неге ойымызға келмеді? Бүгінгі күннің ертең тарихқа айналатынына мән беріп үйренбеген ескі салғырттықтан қанша оқысақ та арыла алмаппыз-ау. Екінші өкінерім – Кемел аға арамыздан ерте кетті. Пайғамбар жасында. Өзі тәрбиелеп өсірген ұлының бүгінгі таңда ел Президенті болғанын, жай ғана Президент емес, мәдениеттілігімен, қарапайымдылығымен, әлемнің бес тілінде еркін сөйлеп, сол тілде баяндама жасай алатындығымен, өзге Президенттер секілді алып-ұшпа пікірден өзін аулақ ұстай білетін тектілігімен ерекше құрметке бөленіп отырғанын емес, тым болмаса министр болғанын да көре алмай, жеттім дегенде «жығылып» қалғаны өкінішті-ақ. Амал қанша?! Қазір ойлаймын, егер Кемел аға баласының Президент боп, әлемге танылған тұлғаға айналғанын көре қалған күннің өзінде баяғы мінезінен бір де бір айнымай, кемерінен асып-төгілмей қарапайым өмірін жалғастыра беретін сияқты», - дейді Дулат Исабеков.

Соңғы жаңалықтар