«Дүние дидарындағы Димаш»: Әншінің туған жеріндегі көрме қаңтарда да жалғасады
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Әншінің «Дүние дидарындағы Димаш» атты көрмесі қаңтардың 15-іне дейін жалғасады. Бүгінге дейін көрмені 4 мыңнан астам адам келіп, тамашалады.

Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейі «Дүние дидарындағы Димаш» атты көрменің әлі де созылатынын хабарлады.
- Өңірге келген шетелдіктер музейдегі жәдігерлермен танысса міндетті түрде Димаш Құдайбергеннің де көрмесін тамашалайды. Сонымен бірге таяуда Ресейден тыңдарманы арнайы келіп, әншінің өзі тұтынған, сыйға берілген заттарын қарады. Ол 2019 жылы Астанада өткен концертке барған екен. Өзі Новотроицкте тұрады. Шекара жақын болған соң келіп, өзі берген сыйлықты экспонаттар ішінен көрді. Бұл да құрмет, - деді Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері Нұрсәуле Сансызбай.
Айта кетейік, «Дүние дидарындағы Димаш» атты көрмесі 24 қазан күні ашылды. Мұнда әнші Димаш Құдайбергеннің бала күнінде жатқан бесігі, отбасының фотоальбомы мен марапаттарын, өзге де экспонаттарды тамашалауға болады.