18:36, 06 Қаңтар 2009 | GMT +5
Дүние керуенінде қазақтың өз үнін, төлтума қасиетін жарқыратып көрсетсек дейміз ? «Керуен» қоғамдық қорының президенті
АЛМАТЫ. Қаңтардың 6-сы. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Қазір әлемде өз қандастарын атажұртқа шақырып, оларға арнайы бағдарлама бойынша қолдау көрсетіп жатқан төрт-ақ мемлекет бар.
Соның біреуі ?Қазақстан. Тәуелсіздікке қол жеткізген 17 жылдың ішінде алыс-жақын шет елдерден туған жерге қоныс аударған бауырларымыз да елдің еңсесін тіктеп, керегесін бекітуге өлшеусіз үлес қосуда. Солардың арасында Ерлан Қойлан мырза басшылық жасайтын «Керуен» қоғамдық қоры да бар. - Ерлан мырза, егер жаңылмасам, Қазақстан өз тәуелсіздігін жариялаған кезде алғашқылардың қатарында атажұртқа қоныс аударғандардың бірі өзіңіз. Қазақтың бұл көші бұрынғыдан өзгеше деуге болады. Бұған өз тарапыңыздан алып-қосарыңыз бар ма? - Ағаш уықты, киіз туырлықты халық үшін көші-қон таңсық дүние емес. Бірақ ХХ ғасырдың соңындағы бұл көштің орны бөлек. Олай болатыны, бұл көші-қон әдеттегі тіршілік салты, өмір қалпына қарай жүретін дағдылы көш болып отырған жоқ. Бұл көш ? дүниенің төрт тарабындағы қандас бауырларымыздың Қазақтың көк туының астына жиналу көші. Дербестігін жариялаған Қазақ елінің іргесін бекіту, болашағын баянды ету көші. Шет елдегі қазақтың саны бүгінгі таңда жалпы халқымыздың үштен бірін құрайды. Кейде білместікпен бәзбіреулер оларды ел басына қиын күн туғанда Отанын тастап кеткен деп айыптайды. Бұл шындыққа мүлде сәйкес келмейді. Егер тарихи әділдікке жүгінсек, олардың 80 пайызы өздерінің ата қонысында отыр. Бірақ ол жерлер патшалық Ресей мен КСРО кезіндегі шекара бөлісінен кейін Ресей, Моңғолия, Қытай, Өзбекстан территориясы саналады. Сондықтан сырттағы қандастарымыздың бұл көші ұзақ уақытқа созылатын түрі бар. 1990 жылдардың бас кезінде біз оны көш деп айта алмадық. Өйткені коммунистік биліктің салқын ызғары ол кезде әлі кете қоймаған болатын. Моңғолиядан еңбек шартымен Қазақстанға келген алғашқы лектің қатарында өзім де болдым. Ол еліміз жаңадан еңсесін көтеріп, іргесін бекітіп жатқан кез. Жас болғандықтан және сол тұстағы әлеуметтік жағдайға байланысты өз басым қоғамдық жұмысқа бірден араласа алмадым. Әйтсе де жақсылықтың ерте-кеші жоқ дегендей, ұлы көшке өз үлесімді қоссам деген арманыма өткен жылы қол жеткіздім. «Керуен» деп аталатын республикалық қоғамдық қор құрып, оны заңдастырдық. - Қордың алдына қойған мақсат-міндеттерін тарқатып айтсаңыз? - «Елге ел қосылса ? құт» деген. Дүниенің төрт тарабындағы туысқан бауырларымыз ата жұртта бас қосып, шұрқырасып табысып жатса, құт емей немене?! Мұның барлығы да аталармызға арман болған Тәуелсіздіктің арқасы, Тәңірінің тартуы деп білеміз. Қазақ баласының ендігі басты мақсаты - Қазақ елінің болашағын баянды ету, тәуелсіздік тұғырын нығайту болуы тиіс. Осыған орай біз де оған өз «Керуенімізді» қосып отырмыз. Мақсатымыз ? мал тауып, атақ шығару емес. Қазақтың бір кәдесіне жарасақ, барын бағамдап, жоғын түгендесек деген ниет. Дүние керуенінде қазақтың да өз үнін, төлтума қасиетін жарқыратып көрсетсек деген асқақ ой. «Керуен» қоры - әлеуметтік-қайырымдылық сипаттағы қызметтермен айналысатын қоғамдық ұйым. Оның қызметіне ерікті негізде Қазақстан Республикасының азаматтары, мекемелері, ұйымдары, кез-келген меншік нысанындағы кәсіпорындары, сондай-ақ халықаралық ұйымдар мен шетелдік өзге де азаматтар қатыса алады. Жалпы, оралмандардың көшіп-қонуындағы қиындықты екі кезеңге бөлуге болады. Біріншісі - көшіп келуге дейінгі, ал екіншісі - көшіп келгеннен кейінгі қиындықтар. Сол себепті біздің басты мақсатымыз - алыс-жақын шет елдегі оралман бауырлардың көшіп-қонуына ықпал жасау. Олардың орналасуына көмектесу. Еліміздің жүргізіп отырған көші-қон саясаты мен бағдарламасын насихаттау, ұлықтау. Қор қызметінің басым бағыттарының қатарында: оралмандарға заңдық кеңес беру, жастарды оқуға дайындау, өнерлі жастарға қолдау көрсету, ұлттық құндылықтарды насихаттау, тарихи-мәдени мұраны жаңғырту мәселелері бар. - Биылдан бастап «Нұрлы көш» бағдарламасы бойынша әу баста 500 отбасыдан басталған оралмандарға берілетін жылдық мемлекеттік квотаның көлемі 20 мың отбасыға өсіп отыр. Оны жүзеге асыруға сіздер қандай үлес қоспақшысыздар? - 2009-2011 жылдарға арналған «Нұрлы көш» бағдарламасы Үкіметтің №1126 қаулысы бойынша 2008 жылы желтоқсанның 2-сінде бекітілген еді. Біз желтоқсанның 5-інде Алматыда «Қазақстанның оралмандарға қатысты көші-қон саясаты: негізгі арналары мен көкейкесті мәселелері» деп аталатын дөңгелек үстел мәжілісін өткіздік. Рас, көші-қонға қатысты қордаланған мәселе көп. Бір жүйеге түскенше түрлі кемшіліктердің орын алатыны белгілі. Сондықтан да ел мен жер өзіміздікі болған соң орындымызды қуаттап, олқымыздың орнын бірге толтыру баршамыздың ортақ міндетіміз болуы керек. Бұған дейін ішкі-сыртқы көші-қонға байланысты мемлекеттік нақты бағдарлама болмаған еді. Елбасының тікелей тапсырмасымен жасалған «Нұрлы көш» бағдарламасын өз басым өте керек кезінде қабылданды деп ойлаймын. Мақсат-міндеттері де өте айқын. Оған оралмандарды шоғырландырып қондыру мен ішкі көші-қон мәселелері де кіргізіліп отыр. Біз қазір жылдан-жылға алға ұмтылып келе жатқан жас мемлекетпіз. Барлық салада өсу бар. Оны орнықтыру үшін білікті мамандар қажет. Сол себепті оралмандары көшіріп әкелердің алдында алдын-ала іріктеу жұмысын жүргізу керек. Алдымен қай өңірге қандай маман қажет екенін анықтап, соның ерекшелігіне сәйкес алдын-ала сараптама жүргізіп, оралмандарды көшіретін кезде олардың қайда баратынын және онда қандай жұмыспен қамтамасыз етілетінін айту керек. Мәселен, шахтада істейтін адамды Алматыға әкелудің қандай пайдасы бар. Бұл қайта ішкі көші-қон саясатында шиеленіс тудыруы мүмкін. Қазір онсыз да әлеуметтік-экономикалық жағдайға байланысты ішкі көші-қон саясатында жергілікті азаматтардан ғана емес, елге келіп-ап бір өңірден екінші өңірге көшіп жатқан оралмандар да өте көп. Өйткені оларды көшіріп әкелген кезде кәсібі мен мамандығына жеткілікті көңіл бөлінген жоқ. Сол себепті мамандығына сай жұмыс таппағандықтан, түкпір-түкпірдегі ағайын-туысын іздеп, қоныс аударуға мәжбүр болуда. Бұл жәйт бағдарламада дәл осылай анықтап айтылмаған. Сондықтан бұл туралы дөңгелек үстел мәжілісінде осы мәселелерді талқылап, құзырлы органдарға өзіміздің ұсыныс тілектерімізді бердік. - Қазіргі таңда елімізге мемлекеттік квота бойынша және өз күшімен көшіп келген оралмандардың нақты саны айқындалған ба? - Құзырлы органдар тарапынан да, қоғамдық бірлестіктер тарапынан да бұл жұмыс әлі қолға алынды деп айта алмаймын. Сол себепті бұл жұмысты біз өз жоспарымызға енгізіп отырмыз. Жалпы, соңғы 17 жылдың ішінде ата жұртқа қоныс аударған қандастармыздың саны туралы қазір әртүрлі дерек айтылып жүр. Біреулер 60 мыңнан астам отбасы десе, екінші біреулер оны 600 мың дейді. Бұл көші-қон саясатындағы жүйесіздіктен туындап отыр. Өйткені келген оралман квотаға кезекке тұрып, ақшасын алған соң оны қалай жұмсады, баспана тапты ма, қайда жұмыс жасайды, әлеуметтік жағдайы қалай деген сауалға ешкім жауап бере алмайды. Құзырлы органдар квота бергеніне риза, оралман алғанына риза. Осы жолы ол белгілі бір дәрежеде жүйеге түсті деп есептейміз. Өйткені «Нұрлы көш» бағдарламасы Елбасы тапсырмасы бойынша бекітіліп отыр. Онда осы кезге дейін ішкі көші-қонда кездескен барлық мәселе жинақталып, сұрыптаудан өткізіліп, Еуропа елдерінің ұтымды деген жақсы үлгілері ескерілді. Үкіметтің №1126 қаулысында орталық және жергілікті атқарушы органдар бағдарламаны іске асырудың барысы туралы жылына екі рет Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне мәлімет беруі тиіс. Бұл ақпараттар бойынша министрлік жыл сайын қаңтардың 30-ына дейін Үкіметке есеп береді. Оның орындалуын бақылау Премьер-Министрдің орынбасары Өмірзақ Шөкеевке жүктеліп отыр. - «Нұрлы көш» бағдарламасын жүзеге асыруға қоғамдық ұйымдар да тартыла ма? - Біздің елде оралмандарға байланысты құрылған көптеген бірлестіктер, қорлар бар. Алайда олардың құзырлы органдармен арадағы қарым-қатынасы әлі жетілдірілмеген. Бағдарламаны іске асыруға құзырлы органдар ғана емес, барлық мүдделі тараптар қатыстырылуы қажет. Ол Үкімет қаулысында да көрсетілген. Дегенмен бұл жұмыс баяу жүріп жатыр. Мәселен, сіз көшіріп алатын елге айтпайсыз ғой біздің қандастарымызды зерттеп, тексеріп бер деп. Ол қомақты қаржыны қажет етеді. Сондықтан шет елдердегі қандастардың санын, олардың мамандығын анықтауға сол елдегі елшіліктерді де тарту керек. Сондай-ақ оралмандар мәселесімен айналысатын, іс-әрекеті айқын және ашық қоғамдық ұйымдардың өкілдеріне арнайы өкілдік беру керек сияқты. Өйткені қазір Қазақ елін дүниежүзі мойындап отыр. Соған сәйкес ТМД-ның әлеуметтік жағдайы нашар кейбір елдерінен қазақпын деп квотаға кіріп жатқан өзге ұлт өкілдері де кездесуде. Ал сол елде туып, өскендіктен және тілін, салтын, адамын танитындықтан шеттегі қандастармыздың арасында іріктеу жұмысын жасау бізге оңай болады.
Желтоқсанның 5-інде өткен дөңгелек үстел жиынында он-лайн жүйесіне қосылдық. Бұл мәжіліс туралы екі ай бұрын ақпарат жарияланған болатын. Алайда шетелдегі қазақтардан «Нұрлы көш» туралы бір адамның пікірі, сұрағы болған жоқ. Соған қарағанда, оларда әлі мағлұмат жоқ. Бұған елшіліктер тікелей атсалысуы қажет. Онда арнайы ақпараттық жүйе болу керек. Әр елде елшілік жанынан ақпараттық үгіт-насихат жұмыстарын жүргізетін шағын ұйымдар ашуы керек сияқты. Оған қоғамдық ұйымдарды да тартуға болады.
- Бағдарламадан тыс көшіп келетіндердің жағдайын қалай шешуге болады? - Көшіп келген ағайындарға жер телімдерін беру жағы қарастырылса жөн болар еді. Өзіңіз білесіз, кезінде қарашекпенділер келгенде отбасының әрбір мүшесіне деп 1 десятина жер берген. Ал 1 десятинаңыз - 1 гектар. Оларды, сондай-ақ, 3 жылға тікелей салықтан, ер азаматтарын 3-5 жылға әскерге алудан босатқан. Сол себепті бұлар әп-сәтте жергілікті тұрғындардан да ауқатты боп шыға келді. Өйткені жағдай жасалды. Мәселен кезінде Тибет асып Түркияға арып-ашып жеткен қандастармызға Түркия осындай жәрдем беріп, соның арқасында олар аз уақыттың ішінде қатарға қосылған болатын. Егер әр оралман отбасына біз де тегін 8 сотық жер берсек квота, баспана сияқты көптеген мәселелер өз шешімін табатын еді. Қазір өз бетімен келген қаншама отбасы бар. Олар Үкіметтен квота, жұмыс сұрап отырған жоқ. - Кейде жұртшылық арасында қалалардағы әлеуметтік мәселені
шиеленістіріп отырғандар негізінен өзге өңірден қоныс аударған әлеуметтік жағдайы нашар тұрғындар мен шетелден көшіп келген оралмандар деген пікір де кездеседі. Бұл туралы сіздің жеке ойыңыз қандай? - Әркім көшіп-қонарда өзінің мүмкіндігіне қарайды. Ауылдан ауылға
емес, екі елдің шекарасын басып көшіп келетін болған соң оралмандар да ұзақ ойланып барып шешім қабылдайтыны күмәнсіз. Қайда барам, қайда тұрам, қалай жан бағам деген сияқты. Сол себепті мен өз бетімен көшіп келіп жатқандар үкіметке масыл боп отыр деп айта алмаймын.
Бізде ішкі-сыртқы көші-қонда қарама-қайшылықтар бар. Мысалы квотаға кіру үшін оралмандар тұрақты тіркеуге тұру керек. Егер туысы жоқ болса, олар қайда тіркеуге тұрады? Ал тұрақты тіркеуге тұрып, квотаға кезекке тұрған кезде Қазақстан Республикасының азаматтығын алуға өтініш бересіз үміткер ретінде. 2-3 жыл күтіп, кезегі кеш келгендерге көші-қон комитетіндегілер сіздің азаматтығыңыз шығыпты, сізге квота берілмейді дейді. Өйткені осы уақыттың ішінде ҚР Азаматтығын беру туралы Президент Жарлығы шығады. Сол себепті олар квотадан да, бір реттік жәрдемақыдан да қағылуда. Мысалы Алматы облысындағы Ұзынағаш деген ауылда квотада 3 жылдан бері кезекте тұрған 3 отбасы бар. Олар әлі күнге дейін шетел паспортымен жүр. Меніңше, ең алдымен тіркеу мәселесін шешу керек. Квота беру деген осы кезде бизнес боп кетті. Көші-қон комитеті келген оралманды тіркеп, оған квота беруден басқа жұмысы жоқ. Олардың бұдан кейінгі мәселесіне бас ауыртпайды, ешқандай сараптау да жүргізілмейді. Сондықтан квота алғанымен, түрлі қиындықтардан соң басқа өңірге, тіпті келген жағына қайта көшіп кеткендер де кездесуде. - Қазір еліміздің әр өңірінде оралмандар үшін арнайы бейімдеу орталықтары ашылып жатыр. Олардың жұмыс үдерісі туралы сіздің жеке пайымдауыңыз қандай? - Мұндай орталықтың бірі қазір Ақтауда салынып жатыр. Оның жобалық құны 3 миллиард долларға бағаланып отыр. Меніңше, оған жұмсаған ақшаны басқа жаққа жұмсаған бұдан әлдеқайда тиімді болмақ. Өйткені барлық жерде медициналық, құқықтық орталықтар мен түрлі кәсіптік мектеп бар. Сондықтан олардың мәселесін жалпы жұрттан бөлек шешудің еш қажеті жоқ. Қайта олардың өзара тиімді жұмыс істеуі үшін жағдай жасаған жөн шығар. Ал бейімдеу орталығына келген оралмандар онда аз уақыт қана болып, белгілі бір уақыттан кейін оның қажеттілігі азайюы күмәнсіз. Менің ойымша, бейімдеу орталықтарының қажеті шамалы. Оралмандардың бәрі қазақша біледі. Құзырлы органдардың есебіне қарағанда келген оралмандардың 96 пайызы жұмысқа жарамды деп есептелініп отыр. Олардың 50 пайызы жоғары және орта білімді, ал 30 пайызы оқу жасындағы жастар. Сол себепті бәзбіреулер айтып жүргендей оралмандар сауатсыз, малдан басқаға қыры жоқ деген түсінік негізсіз. Оған ешкім арнайы зерттеу жүргізіп отырған жоқ. Мысалы Жапонияда ядролық физикадан докторлық қорғаған Бақыт Дуамет деген оралман жігіт Қытайдан елге көшіп келді. Жетекшісі Токиода тұрады. Жапонияда қалмай, білімімді өз елімнің игілігіне жұмсаймын деп келген оны «ҚазАтомӨнеркәсіп» ұлттық компаниясындағы шенеуніктер орыс тілін білмейді екенсіз деп жұмысқа алмаған. Жапон, қытай, ағылшын тілдерін жетік білетін ол қазір Қазақтың Қаныш Сәтбаев атындағы ұлтық техникалық университетінде оқытушы. Өз мамандығы бойынша жұмыс таппай, өзге салада қатардағы жай қызметкер ретінде жұмыс істеп жүрген мұндай азаматтар оралмандар арасында өте көп. - «Керуен» қоры өзінің мақсат-міндеттеріне қол жеткізу үшін өткен бір жылдың ішінде қандай нақты жұмыстары жүзеге асырды?
- Бізде Абылай ханның оң тізесінен орын алған Ер Жәнібек батыр лайықты бағасын әлі алған жоқ. Сол себепті біз батырдың атына көше атауын беруге өз үлесімізді қосайық деген ниетпен қалалық әкімдікке ұсыныс түсіріп, арнайы хат жолдадық. Ол дұрыс қабылданып, Әуезов ауданындағы Алты Алаш ауылында Ер Жәнібек батырға бір көшенің аты берілді. Бұл біздің ең алғашқы жұмысымыз еді. Көп кешікпей Астананың 10 жылдық тойына атсалыстық. Онда «Астана мыңжылдықтар тоғысында» атты фестивалді өткіздік. Қырықтай киіз үй тігіліп, қымызшылар ауылы, зергерлер ауылы, бүркітшілер ауылы ұйымдастырылды. Ақындар айтысы мен қазақ күресі өткізілді.
Шәкәрімнің 150 жылдық тойында 2 томдық шығармасын қайта басып шығаруға атсалыстық. Шәкәрімнің 2 томдық шығармалар жинағын жатқа айтқан мектеп жасындағы 7-11 сынып оқушылары мен студенттерден 10 адамға қор атынан арнайы бағалы сыйлық бердік.
Мәдениет және ақпарат министрлігінен оралмандарды бейімдеу мәселері бойынша тапсырыстар алып түрлі жұмыстар істедік. Оның ең соңғылары «Театр - өмір ойыны», «Киелі Қазақстан» деген деректі бейнефильмдер. Оның алдында «Түркістан әфсанасы», «Қала күні» сияқты 4-5 бейнефильм түсірдік. Сондай-ақ «Ел» продюсерлік орталығымен бірігіп «Мәңгілік сарын» фестивалінде «Алпамыс батыр» жырын Арқа, Батыс, Жетісу, Қаратау, Сыр мектептерінің мақамында толық жырланған, 3 CD-ден тұратын театрландырылған бейнелі нұсқасын шығардық. Қазақтың Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театрында өткен бұл шара кезінде жырдың әфсанасына Ақан Әбдуәлиев түсіндірме жасап, жыршылар өздеріне бөліп берілген жыр бөліктерін орындаған кезде экранда арнайы жасалған бейне материал көрсетіліп тұрды. Алдағы уақытта бұл жобалар одан ары жалғасып, өзге жырлардың да осындай бейне жинақтарын шығару жоспарланып отыр. - Әңгімеңізге рахмет. Еңбектеріңізге табыс тілеймін.