11:10, 07 Ақпан 2011 | GMT +5
Дүниеге тәуелсіздік көзімен қарайтын ұлттық әдебиет пен өнеріміздің қалыптасуына қамқорлық жасауымыз керек - Мемлекет басшысы
АЛМАТЫ. 7 ақпан. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Дүниеге тәуелсіздік көзімен қарайтын ұлттық әдебиет пен өнеріміздің қалыптасуына қамқорлық жасауымыз керек.
Елбасы бүгін Алматыдағы резиденциясында бір топ әдебиет пен өнер қайраткерлеріне 2010 жылғы Президенттік және мемлекеттік стипендияларды тапсыру рәсімінде осылай айтты.
«Өнер адамдарының халық тарихындағы рөлі өте жоғары. Тарихта ұлы қаламгерлердің ұлттық символға айналғаны баршамызға белгілі. Қазақ халқын - Абайсыз, орыс халқын - Пушкинсіз, ағылшындарды - Шекспирсіз, француздарды Бальзаксыз елестету мүмкін емес»,- деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысының айтуынша, заман өзгергенде біз де өзгеруіміз керек. Жастарды тәуелсіздік туын қисайтпайтындай тәрбиелеуіміз керек. Біздің әр күніміз жаңалық. Әр істеген ісіміз ешкім көрсетпеген жаңа жол.