Дүниежүзі қазақтар құрылтайы Астанада бесінші рет бас қосуда - Шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - Осыдан 25 жыл бұрын 1992 жылы Алматы қаласында Қазақтардың 1-ші Дүниежүзілік құрылтайы өткен болатын. Оған алыс және жақын шет мемлекеттерден, соның ішінде Түркия, Германия, Франция, Норвегия, Моңғолия, Қытай, Аустрия, жалпы 33 елден 800-ден астам өкіл қатысқан еді. Міне осы алқалы жиында Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығын құру, оның жарғысын қабылдау, басшы органдарын сайлау мәселелерін талқылап, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевты Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының төрағасы етіп сайлау туралы ұсыныс бірауыздан қабылданды.
None
None

«Бүгінгі күн - ерекше күн. Орта толды деген осы. Дәл осынау сәтте өзін қазақпын деп сезінетін әрбір адам жүрегі лүпілдеп, атамекеніне, тәуелсіз Қазақстанның астанасы Алматыға көз тігуде. Өйткені мұнда дүниежүзінің түкпір-түкпіріндегі исі қазақ атаулының өкілдері тұңғыш рет бастарын қосып, алқалы жиын, салтанатты мәжіліс Құрылтайға жиналып отыр. Күні кеше ғана мұндай болады деген ой көбіміздің қиялымызға кірмеген шығар. Енді, міне, аңсаған арманның тағы біріне қол жеткіздік. Сан ғасырға созылған отаршылдықтың бұғауынан босанып, таяуда ғана тәуелсіздік алса да, қысқа мерзім ішінде бүкіл айдай әлем түгел мойындап, абыройы асып үлгірген Қазақстан жұртшылығы сіздерді, ардақты ағайын, туған жерде құшақ жая қарсы алып жатқанын өздеріңіз көріп отырсыздар. Мен Республика Президенті ретінде бәріңізді Дүниежүзі қазақтары Құрылтайының салтанатты ашылуымен шын жүректен құттықтаймын! Баршаңызға: «Туған жерге қош келдіңіздер!» - деймін», - деп Қазақстан Президенті ыстық ықыласын білдірген болатын.

Қазақ Елінің Тәуелсіздік алғаннан бергі тарихында жаңа бет ашқан бұл құрылтайда және одан кейін де шетелде тұратын қазақтар үшін қабылданған арнайы заңдар өз күшіне енді. Сол арқылы әлемнің 40-қа жуық елінде өмір сүріп жатқан диаспоралар Қазақстанға ағылды.

Дүниежүзі Қазақтарының 2-ші Құрылтайы 2002 жылдың күзінде Түркістан қаласында өтіп, онда тарихи отанына оралуды аңсап жүрген қандастарымыздың қатарының толығуы жайында сөз болды. Құрылтайға алыс және жақын 32 шет мемлекеттерден 400-ден астам өкіл қатысты. Бұл құрылтайда оралмандардың елге оралу мәселесі қаралып, көші-қон квотасының мөлшерін ұлғайту жоспары қарастырылды.

2005 жылы 27-28 қыркүйекте 3-ші  құрылтай Астанада өткізілді. Құрылтайға алыс және жақын 32 шет мемлекеттерден, соның ішінде Ресей, Қытай, Аустрия, Чехия, Норвегия, Италия, Сингапур, Мысырдан 300-ден аса өкіл, сондай-ақ Қазақстанның барлық облыстары мен Алматы, Астана қалаларынан 200-ден астам өкіл қатысты. Құрылтайда шетелде тұратын қазақтарды Қазақстанның жоғары оқу орындарында оқыту үшін жағдай жасау, сондай-ақ тарихи отанына инвестициялар орналастыру мүмкіндіктері секілді мәселелер талқыланды.

Ал 4-құрылтай 2011 жылдың 25-27 мамыры аралығында елордамызда өтіп, алқалы жиынға 35 таяу және алыс шет елден, Қазақстанның өңірлерінен, Астана мен Алматы қалаларынан 700-ден астам қонақ қатысқан болатын.

Құрылтай барысында Нұрсұлтан Назарбаев қандастарымызға қолдау көрсетіп, қамқорлық жасаудың нақты жолдарын айқындап алуымыз керектігін атап көрсетті.

Біріншіден, Парламентте «Халықтың көші-қоны туралы» заң жобасы қаралуда. Кеңінен талқыланып, қабылданатын жаңа Заң қандастарымыздың жағдайын жақсартуға септігін тигізетін болады. Ол қандастарымыздың құжат тапсыруда, тіркеуге тұруда, азаматтық алуда кездесетін түрлі кедергілерді жоюы тиіс. Осыған байланысты «Нұрлы көш» бағдарламасының 2-ші кезеңінің жобасын қолға алу жоспарланып отыр.

Екіншіден, шетелден келген құрылтай қонақтарының басым көпшілігі -  60 пайызы жастар. Қазақстанда әлемдегі барша қазақ жастарының сапалы білім алуына тиісті жағдай жасалуы қажет.

Үшіншіден, шеттегі қандастардың Қазақстаннан жан-жақты хабар алып тұруына көмектесу керек. Байланыс және Ақпарат министрлігі «Каспионет» арнасының қазақтар тұратын елдерге таралуын қамтамасыз етуі керек. Мемлекет басшысы  сонымен бірге, ұлттық дәстүріміз бен тарихымыз туралы хабарларды арттыру жолдарын қарастыру туралы тапсырма берді. Бұған қоса, министрлік дүниежүзіндегі қазақ жастарының байланысын нығайту үшін арнайы веб-портал ашқаны жөн.

Төртіншіден, қандастар тұрып жатқан елдерде ұлттық өнерді кеңінен таратуына жағдай жасауымыз керек. Ондай елдерде қазақ мәдениетінің күндерін жүйелі түрде өткізу қажет.

Бесіншіден, шет елдерде кіші құрылтайлардын тұрақты өткізу қалдау тауып отыр. Осыған байланысты, бұл құрылтайларға «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат» Қоры қолдау көрсететін болады.

Биылғы мерейтойлық құрылтайға қатысатын делегаттардың да қарасы қалың. Құрылтай жұмысына барлығы 750 делегат пен қонақ қатысатын болса, оның 350 адамы алыс және жақын шетелдердегі әлемнің 39 елінен келді. Делегаттар мен қонақтардың басым көпшілігі ғылыми-шығармашылық және педогогикалық зиялылар өкілдері, бизнес, спорт, бұқаралық ақпарат құралдары салаларының мамандары, мемлекеттік және қоғамдық ұйымдардың қызметкерлері.

Құрылтай делегаттары мен қонақтарының 60 пайызын 35 жасқа дейінгі жастар құрайды. Олардың дені түрлі елдердегі және Қазақстандағы жастар ұйымдарының, студенттік бірлестіктерінің көшбасшылары, магистранттар, докторанттар және жас мамандар. Құрылтай аясында тұңғыш рет «Нұр-Отан» партиясының қолдауымен «Жастар рухани жаңғыруды қолдайды» атты дүниежүзі қазақ жастары көшбасшыларының форумы өтпек. Шетелден келген қандастар қатарында  Молдова Республикасы Парламентінің депутаты, ғалым-саясаттанушы Богдан Кайдарұлы Цырдя (Киікбаев), Ресей Федерациясының Томск облысы губернаторының әлеуметтік саясат жөніндегі орынбасары Шыңғыс Ақатаев, РФ Алтай Республикасындағы Турата ауданының әкімі Аманжол Сахарьянов, Омбы облыстық алтыншы шақырылған заң шығарушы жиналысының депутаты Нұрлан Қартабаев, Орынбор облысындағы Орск қалалық кеңесінің депутаты Құрмамбай Құмақбаев, Санкт-Петербургтағы Аймақтық экономика және заң университетінің ректоры Ерлан Ысқақов, Қырғызстан халықтары Ассамблеясы кеңесінің мүшесі Еркін Бөлекбаев, Мәскеуден Алаш Орда тарихының белгілі зерттеушісі, Ресей жаратылыстану академиясының корреспондент-мүшесі, тарих ғылымдарының докторы Дина Киселева (Аманжолова), Батыс Сібір қазақтарының этнографиялық және тұрмыстық мәдениеті жөніндегі монографиялар авторы, доцент Шолпан Ахметова Омбы қаласынан, Абай өлеңдерін өзбек тіліне аударған Абдолла Рүстемов, түмендік белгілі журналист, «Көшпенділер» деректі кітабының авторы Қалил Қабдулуахитов бар.

Делегаттардың көпшілігі қазақ тілін, ұлттық салт-дәстүрлерді, бекзаттық мәдени мұраларды  сақтау және насихаттау, гендерлік қозғалысты дамыту жөнінен шетелдердегі танымал қоғам қайраткерлері болып табылады.

Өзінің қайнар бастауын сонау 1992 жылдан алатын әлем қазақтарының Құрылтайлары жер шарының түкпір-түкпірінде тұратын этникалық қазақтардың іскерлік сұхбаты алаңына айналуда. Құрылтай қазақ халқының мәдениетіне, тарихына және салт-дәстүрлеріне жаңаша тұрғыда қарауға, оны молайтуға мүмкіндік береді. Ол, сондай-ақ, біздің отандастарымыздың Қазақстанға өз еркімен қоныстануына жол ашады. Осынау маңызды іс-шара көші-қонға жауапты мемлекеттік органдарға шетелден қоныс аударушылардың өздерінің тарихи отандарында бейімделуіне,  этникалық көші-қон мәселелерін шешуге, көші-қон жәнен білім туралы заңдарына байланысты уақыт талабын ескеруге жаңаша тұрғыдан қарауға көмектеседі.

Айта кетерлігі, еліміз егемендігін алып, Тәуелсіз ел ретінде туын тіккен сәтте Қазақстандағы қазақтардың саны бар-жоғы 6,5 миллион ғана болатын. Яғни, сол уақыттағы республика халқының 40 пайызын ғана қазақтар құрайтын. Ал бүгінде қазақтар саны 11 миллионнан асып отыр. Қазақ санының артуына демографиялық өсіммен қатар, қиын-қыстау заманда бас сауғалап шетел асқан қандастарымыздың егемен ел болғанымыздан кейін тарихи Отанына оралуы да өз үлесін қосқаны сөзсіз. Өйткені, Тәуелсіздік жылдары ішінде 1 миллионнан астам шетелдегі қандасымыз тарихи Атамекеніне оралған болатын.

Соңғы жаңалықтар