17:25, 24 Ақпан 2009 | GMT +5
Дүниежүзілік банктің директорлар кеңесінде «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» халықаралық дәлізінің жобасы талқыланбақ
АСТАНА. Ақпанның 24-і. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Дүниежүзілік банктің директорлар кеңесі «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» халықаралық дәлізінің жобасын наурыз айының аяғында немесе сәуірдің басында талқыламақ.
Бұл туралы бүгін Астанада Дүниежүзілік банктің Орталық Азия бойынша аймақтық директоры Мото Кониши мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Мен директорлар кеңесінде Қазақстанның «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» халықаралық дәлізі жобасы туралы баяндайтын боламын. Бұны біз өте ауқымды жоба ретінде қарастырып отырмыз», деді ол.
«Батыс Еуропа - Батыс Қытай» Еуропа мен Орталық Азия арасындағы ең қысқа байланысты қамтамасыз ететін көлік дәлізі. Оның жалпы ұзындығы - 8445 шақырым. 2787 шақырымы Қазақстан аумағында жатыр.