«Дүниежүзілік доп додасы» - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат халықаралық ақпарат агенттігі бейсенбі, 5 маусым күні республикалық бұқаралық ақпарат құралдарында жарық көрген өзекті материалдарға шолу жасайды.
None
None

***

Түркияның Бодрум қаласында Түркітілдес мемлекеттер басшыларының төртінші саммитіне қатысуға келген Қазақстан мемлекетінің басшысы Нұрсұлтан Назарбаев кеше, яғни саммит қарсаңында Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиевпен кездесті, деп жазады «Егемен Қазақстан» газетінің «Түркітілдес, түгел бол!» атты мақаласында жазылған.

Кездесу барысында мемлекеттер басшылары екіжақты ынтымақтастықтың басымдыққа ие бағыттарын, сондай-ақ халық­аралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылады.

Атап айтқанда, Нұрсұлтан На­зарбаев пен Ильхам Әлиев сау­да-экономика, мұнай-газ және көлік-логистика салаларындағы қарым-қатынасты күшейту перспективаларына тоқталды.

Жалпы, Қазақстан-Әзер­бай­жан қатынастарының тарихынан әңгіме қозғайтын болсақ, екі ел арасындағы дипломатиялық қатынас 1992 жылдың 27 тамызында орнаған. Көпжақты форматта тараптар халықаралық және аймақтық ұйымдар аясында (БҰҰ, ЕҚЫҰ, ЭЫҰ, ИЫҰ, АӨСШК, ТМД, ТҮРКСОЙ, ТМЫК және тағы бас­қа) белсенді түрде өзара әрекет­те­суде.

Қазақстаннан Әзербайжанға экспортқа шығарылып жатқан негізгі заттар - минералды ре­сурс­тар (мұнай және газ), хи­мия­лық шикізат, бидай, арпа, темекі өнімдері, көміртекті болат прокаты, электр жабдықтары. Әзербайжаннан Қазақстанға би­тумдық материалдардан алын­ған мұнай өнімдері, этилен по­лимерлері, машиналар және ме­ха­низмдердің қосалқы бөлшектері, құрама құрылыс конструкциялары импортталуда.

Басылым Қазақстан мен Әзірбайжан арасынағы тығыз қарым-қаынастарды атай келе, 2010 жылы 11 мамырда Ас­тана қаласындағы Л.Н.Гу­ми­лев атын­дағы Еуразия ұлт­тық уни­вер­си­тетінде Баку мем­ле­кеттік уни­верситетінің (БМУ) 90 жыл­ды­ғын мерекелеудің шеңберінде Әзербайжанның бұ­рын­ғы пре­зи­денті Г.Алиевке кабинет ашылғандығын, ал 2011 жылы 13 мамырда Баку мем­­лекеттік университетінде Абай атындағы қазақ тілі, тарихы мен мәдениеті орталығының ресми ашы­лу рәсімі болғанын атап өтеді.

***

Қазақ жұртының би өнерінің тарихы да тереңнен тамыр тартады. Арыға бармай, беріден тізгін тартсақ, қазақтың даласындай шалқар шабыт иесі Шара ойыңа оралып, көз алдыңа келеді. Ал бүгінгі би өнерінің айтулы өкілі Шұғыла Сапарғалиқызы десек, артық айтқандық болмас, деп жазады «Егемен Қазақстан» бүгінгі санындағы «Шұғыла» атты мақаласында.

Басылымның атап өтуінше, ұлттың бойында бар ұлы қасиетті сан құбылтып сахнаға шығарып, көргеннің көзайымына айналып жүрген биші өткен сәрсенбі күні «Қазағым барым сен үшін...» деген сеніммен елорда жұртшылығын тағы бір тамсандырды. Астанадағы «Қазақстан» концерт залында білезіктей өрілген биді әнмен астастырды. Бұрын буынсыз бишілігімен танылған Шұғыла бұл жолы таңдайына бал жаққандай әншілігімен де көзге түсіп, көңілге ұялады. Әсіресе, айдын-көлдің сәні, көрген адамның сезім отын шалқытатын «Аққу» биі құс төресінің бүкіл бітім-болмысын сахнадан көрсетті. Жиылған халық адамға тыраштанбайтын шын талантты Тәңірім берсе, өмірдің өзін де, ондағы тіршілік иелерінің болмысын да өнер тілінде көрсетуге болатынын түйсінді. Сол үшін оған ерекше құрмет көрсетті. Бимен адам бойындағы жұмбақты да беруге болатынын, тіпті, әр қимылымен ұғындырып отырды.

Айталық, «Патша құс», «Бөрте», өзге де дүниелер, бұған қоса, төрткүл дүниедегі жұрттардың тірлік-тынысын көрсететін туындылар есте қалды. Кештің ән мен би, сонымен қатар, оны толықтырып отыратын экрандағы көріністер әдемі әсерге бөледі. Опера әншілері Б.Бекенов, Д.Жолдыбаймен бірге Италия операларынан айтқан үзінділердегі Шұғыланың өзіндік мақамы оның тағы бір талантын танытқаны анық. Өзге жұрттардың, нақтылай түссек, қытай, түрік әндерін де нақышына келтіріп орындады. Оған қоса, өзі де ән жазатынын естіп, білдік.

Осы концертте жұрттың ерекше есінде қалған бір көрініс Шұғыладан тәлім-тәрбие алып жатқан үлбіреген жас шамалары 8-10 жас аралығындағы оқушы бишілердің талпынысы, ұстазына ұқсап бағуға тырысқан ұмтылыстары, қимылдары жарасып-ақ тұрды. Болашақ Шұғылалар осылар дегізді.

Өнер жұлдызы өткізген кештің тағы бір ерекшелігі, әр биді не әнді айтар тұста ол туралы сахна сыртында күміс қоңыраудай үндерінен ұлттық болмыс менмұндалап тұратын қазақтың айтулы дикторлары Сауық Жақанова мен Аманжан Серіковтің маржандай сөздерінің төгіліп тұруы да рухыңды көтеріп, сергітіп, серпілткені сөзсіз. Түйіп айтқанда, осы өнер кешін көре отырып, би өнерінің бүгінгі патшайымы Шұғыла десек, қателеспейтін секілдіміз. Себебі, о шеті мен бұ шеті атшаптырым концерт залының ішінде ине шаншар орынның болмауы солай деп түйін жасатты.

***

«Нұр Отанның» қоғамдық қабылдау бөліміне «Айлап жалақы ала алмай жүрміз» деп шағым айта келген тағы біраз жұмысшының арманы орындалды. Бұл туралы «Айқын» газеті «Айлап ақша алмағандардың арманы орындалды» деген мақаласында жазып отыр.

Басылымның атап өтуінше, партияның араласуымен Орал қаласындағы «Газ-С» мекемесінің 56 жұмысшысы өздеріне тиесілі 2,4 млн теңге көлеміндегі жалақысын өндіріп алды. Орал қалалық прокуратурасының мәліметінше, жұмысшылардың жалақысы толық өтелген. Ал жұмысшыларын зарлатып келген компанияның өзі қылмыстық жауапкершілікке тартылып жатыр.

Еңбек заңына сәйкес жұмыс iстесе де жалақысын дер кезінде немесе мүлдем ала алмай, тиын­сыз қалып, құқық қорғау орган­дарының есігін жағалап жүретін­дердің саны аз болмай отыр. Еңбек инспекторлары тек өткен жылдың өзінде 46 мың жұмыс­шы­ның құқы бұзылып, жа­лақысын ала алмай отырған­дығын анықтаған болатын. Кейін бұл деректі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Та­мара Дүйсенова да растап, заңға томпақ әрекетке барған кәсіп­орын­дардың саны 793-ке жет­кенін атап өтті. Ал олардың жұ­мысшылар алдындағы жалпы қарызы 4,3 млрд теңгеге жеткен.

Жалақысына қол жеткізбек түгілі жұмысшы­лардың өздері соққыға ұшырап жатқан өңірлер бар. Кешелі-бері бұқаралық ақпарат құралдары Павлодардағы жағдайды жарыса жазып жатыр. Аталмыш облыс­тағы Парамоновка ауылының тұрғындары жалақы талап етеміз деп барып жұдырықтың астында қалған. Айтуларынша, айлық­тарын сұрап барған жұмысшы­ларды кәсіпорын күзетшілері соққыға жығыпты. Осының сал­дарынан су кешіп жүріп, мик­росфера жинаумен айналысатын жұмысшылардың бірінің омырт­қасы сынып, ауруханаға түсіпті. Онымен тынбай күзетшілер арыз­данушылардың көлігін қи­ратқан.

***

Бір аптадан кейін ұйқысыз түндер басталады, деп жазады «Айқын». Басылымның жазуынша, дәл бір аптадан кейін төрткүл дүние жұртшылығы­ның назары Бразилияға ауатыны даусыз. Себебі 12 маусымда футболдан ХХ әлем чемпионатының жалауы желбірейді. Бір айға созылатын дүбірлі додаға әр құрлықтан келген 32 мемлекеттің өкілдері қатысады. Барлық елдің ұлттық құрамалары алдарына түрлі мақсат қойып отыр. Әлемдік футбол көшбасшылары осы турнирде топ жаруды жоспарласа, оларды өкшелеп келе жатқан командалар жүлдегерлер санатына қосылуды құп көреді. Кейбіреулер плей-офф додасына жолдама алуды көздесе, тағы бірқатар құрамалар үшін тәуір ойын өрнегін көрсетіп, өз жанкүйерлерін жерге қаратпаудың өзі үлкен жетістік.

Бразилия - футболды ерекше құрметтейтін мемлекет. Бұл елде ең­бектеген баладан бастап, еңкейген қартқа дейін аяқдоп өнері десе ішкен астарын жерге қоятыны бесенеден белгілі. Жасыратыны жоқ, бүгінгі таңда жер бетінде Бразилиядан белді команда жоқ. Олар әлем чемпионат­тарында бес мәрте (1958, 1962, 1970, 1994, 2002) топ жарды. Екі рет күміс (1950, 1998) алса, екі рет (1938, 1978) қолаға қол жеткізді. Мұндай орасан зор табысымен ешбір елдің өрендері мақтана алмайды.

Әлем чемпионаты Бразилияның 12 қаласындағы ең керемет стадион­дарда өтеді. Олар - Белу-Оризонтидегі «Минейран» (62 547 көрерменге есеп­телген), Бразилиадағы «Ұлттық ста­дион» (70 042), Куябадағы «Арена Пантанал» (42 968), Куритибадағы «Арена Байшада» (43 981), Форта­ле­задағы «Кастелан» (64 846), Наталдағы «Арена дас Дунас» (42 086), Ресифидегі «Арена Пернамбуку» (46 154), Сал­ва­дордағы «Фонте Нова» (56 000), Сан-Паулудағы «Арена Коринтианс» (68 000), Манаустағы «Амазония» (42 374), Порту-Алегридегі «Бейра Рио» (51 300) және Рио-де-Жанейродағы «Мара­ка­на» (76 935) стадиондары. Осы жарыс­тың тұсаукесер кездесуі Сан-Паулу қаласында өтсе, финалдық бәсеке әйгілі «Маракана» стадионында ұйым­дастырылады.

Көптеген мамандардың пайым­дауын­ша, аталмыш жарыстың басты фавориттері ретінде Бразилия, Испа­ния, Аргентина және Германия құра­малары аталуда.

Әлем чемпионатына осал коман­далар қатыспайтыны анық. Сондық­-тан да олар жайында жақ ашпай-ақ қойғанымыз жөн. Өйткені ортаңқол командалардың өздері кей кездері айды аспанға шығарғанына талай мәрте куә болдық. Осы орайда, Афри­каның қара маржандарына ерекше назар аударған жөн. Камерун, Кот-д Ивуар, Нигерия, Гана, Алжирден не күтуге болатынын болжаудың өзі қиын. Қарт құрлықтың қырандары әйгілі қарсыластарын тас-талқан етуі де немесе ортаңқол командалардан ойсырай ұтылуы да мүмкін. Азиядан келген футболшыларға жанкештілік тән. Австралияда да аяқ доп өнері жақсы дамып келеді. Жарыс Оңтүстік Америкада өтетіндіктен, аталмыш құрлықтың өкілдері де жарыс бары­сында барын салары анық. Бір сөзбен айтсақ, алда футбол жанкүйерлерін нағыз «жан алысып, жан беріскен» бәсекелер күтіп тұр, дейді басылым. Мақала «Дүниежүзілік доп додасы» деген тақырыппен берілген.

***

«Экспресс К» газетінің жазуынша, қазақстандық белсенділер темекі акциздерінің құнын бірден екі есеге өсіруді ұсынып отыр. Олардың пікірінше, тек осындай шара ғана темекі тартқыштардың біраз бөлігінің осы бір қатерлі әдеттен арылуға себеп болады. Мақала «Удар по почкам» деген тақырыппен берілген.

«Бүгінде бір қорап темекінің акцизі небары 30 теңгені құрайды. Бұл Еуропадағы ең төмен баға. Біз әлемдегі ең мықты 30 елдің қатарына кірмекпіз, алайда темекі тартуға әуестігіміз сол күйінде қалып отыр», - дейді «Темекі түтінінен азат Қазақстан» ұлттық коалициясының президенті Талапқали Ізмұхамбетов.

Оның айтуынша, темекі тартушылардың жылдан жылға көбеюі темекіге деген төмен бағаның кесірі. «Біздің елде бір қорап темекі шамамен 200 теңге тұрады. Ал Ұлыбританияда дәл осындай темекі шамамен 2000 теңгеге дейін барады. Айырмашылық бар ма? Мамандардың есептеуінше, егер темекі акциздерінің құны тым болмағанда 60 теңгеге көтерілсе, елімізде 182 мың адамның өмірі құтқарылады, жастардың 20 пайызы жағымсыз әдетпен қош айтысады, ал 220 мың өскелең ұрпақ темекінің не екенін білмей өседі. Сонымен қатар, бюджетке қосымша салықтан жылына кем дегенде 49 млрд теңге қаражат түсетін болады», - деп атап өтті ол.

Соңғы жаңалықтар