Дүниежүзілік сауда ұйымына кіру Қазақстанның банк жүйесіне айтарлықтай ықпал етпейді- Григорий Марченко

АЛМАТЫ. 11 қараша. ҚазАқпарат / Ерлік Ержанұлы/ - Қазақстанның қаржы жүйесіндегі үлкен өзгеріс 2020 жылдан кейін басталуы мүмкін.
None
None

Бұл туралы ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Григорий Марченко бүгін Алматыда өтіп жатқан «Қазақстандағы банктік реттеу реформасы: ауыспалы ортада тұрақтылықты сақтау» деп аталатын Американ сауда палатасының экономикалық саясаты форумында айтты.

«Қазақстанның 2012 жылы Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруі банк жүйесіне айтарлықтай ықпал етпейді. Оған мүше болған кезде жеткілікті деңгейде ұзақ өтпелі кезең беріледі. Бұл шамамен 6 жыл уақытқа созылады. Ол аяқталған кезде шетелдік банктер тікелей өз филиалдарын аша алатын болады. Қазақстан банктік халықаралық стандарттарды 16 жыл бұрын енгізе бастады. Ол шетелдік бәсекелестік үшін ашық», - дейді Г.Марченко. Оның айтуынша, Қазақстанда қазірдің өзінде банктердің басым бөлігі шетелдік банктердің еншілестері немесе олардың бақылауында. Сол себепті Дүниежүзілік сауда ұйымына кірген соң қаржы секторында ешқандай ерекше өзгеріс болмайды. Үлкен өзгеріс тек 2020 жылдан кейін басталуы мүмкін. Г.Марченконың пайымдауынша, бірыңғай экономикалық кеңістік аясында бізде бірыңғай қаржы жүйесі құрылады. Зейнетақы жинақтау қорлары, сақтандыру компаниялары, банктер Кеден одағы аумағында жекелеген лицензиясыз жұмыс істейтін болады. Сол кезде ғана шынайы бәсекелестік артады. Сондай-ақ Бірыңғай қаржы жүйесінің Қазақстанда орналастырылатын бақылау органы 2018 жылдан бастап құрыла бастамақ.

Соңғы жаңалықтар