Дүниежүзілік банк бес жыл бұрынғы деректі пайдаланған - депутат PISA зерттеуіне пікір білдірді

Әр суицид бойынша қылмыстық іс қозғалу керек – Асхат Аймағамбетов
Фото: ашық дереккөз

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов ертең PISA зерттеуінің нәтижесі шығатынын еске салған, деп хабарлайды Kazinform.

"Дүниежүзілік банк «қазақстандық оқушылар сауатсыз» деп ақпарат жарияланғаннан кейін жекемеге көптеген адам жазды. Бұл кликбейт тезис көпшілікті шатастырып жіберді.

Олар бес жыл бұрынғы, яғни 2018 жылғы PISA-ның нәтижесін пайдаланғанын және оның дәстүрлі түсініктегі академиялық білімді емес, оқушының білімді күнделікті өмірде қолдана білу қабілетін бағалайтынын бәрі түсіне бермейді.

Бұған қоса, 2018 жылдан кейін бірнеше зерттеу жүргізілгендігін атап өткен жөн. Мәселен, 200 мектепті, кейін 1000 мектепті қамтыған «Мектептерге арналған PISA» және ресми “PISA-2022” зерттеуі жүргізілді.

Әрине, оқушылардың алған білімін күнделікті өмірде қолдана білу дағдысын – функционалдық сауаттылықты дамыту бағытында жұмыс жасау керек дегенге келісемін", - деп атап өткен мәжілісмен.

Ол салада проблемалар әлі де жеткілікті екенін жоққа шығармайды. Алайда, экс-министрдің пайымынша, бұл олқылықтың басты себебі – мектеп бағдарламасы ұзақ жылдар бойы академиялық білімді ғана жинақтауға бағытталғандығында.

"Сондықтан мемлекет тарапынан түрлі шаралар қабылданды, 2016 жылдан бастап функционалдық сауаттылықты дамыту үшін жаңартылған оқу бағдарламасы да енгізілді.

Ал енді біздің оқушыларымыздың нәтижесіне келсек, PISA-2022 зерттеуінің қорытындысы ертең жарияланады. Міне, содан кейін кеңірек анализ жасап, нақты сауаттылық деңгейі туралы айтуға болады", - дейді Асхат Қанатұлы.

Айта кететін тағы бір мәселе, Дүниежүзілік банк сарапшылары (басқа сарапшылар да) пандемия кезіндегі карантинге байланысты оқушыларымыздың көрсеткіші 1,5-2 жылға (40-тан 60 баллға дейін) төмендейді деп болжаған еді. "Осы болжам орындалды ма?" деген сұрақтың жауабы да ертең шығады.

"Осы PISA-2022 нәтижесі негізінде қашықтықтан оқыту кезінде жүргізілген жұмыстың тиімділігін де бағалауға болады деп санаймын.

Қалай болса да 80-ге жуық мемлекет қатысатын зерттеудің нәтижесі бірқатар пайдалы ақпарат беретіні сөзсіз. Нәтижені асыға күтеміз", - деген депутат.

Соңғы жаңалықтар