Дүниежүзілік банк Қазақстандағы мемлекеттік кәсіпорындарды басқару жүйесін реформалауға кірісті
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда мемлекеттік кәсіпорындарды басқару жүйесін реформалау басталды. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі мен Дүниежүзілік банк реформаның негізгі бағыттарын айқындады. Бұл туралы агенттіктің баспасөз қызметі мәлім етті.
Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Марат Омаров Еуропа және Орталық Азия бойынша практика бағытының өңірлік жетекшісі Сесиль Тиоро Нианг бастаған Дүниежүзілік банк делегациясымен кездесті.
Тараптар мемлекет қатысатын кәсіпорындарды басқару және иелену саласындағы реформалар бойынша техникалық көмек көрсету жобасын практикалық іске асыру мәселелерін талқылады.
Агенттіктің мәліметінше, бағдарлама үш негізгі бағытты қамтиды.
Бірінші бағыт — мемлекеттік кәсіпорындар портфелін оңтайландыру. Ол мемлекеттік қатысудың экономикалық орындылығына қарай кәсіпорындарды жіктеуді, мемлекеттік компаниялардың бірыңғай ресми тізілімін қалыптастыруды, сондай-ақ қоғам үшін маңызды қызметтерді есепке алу және олардың шығындарын өтеу қағидаттарын енгізуді көздейді.
Екінші бағыт — иелену функциясын күшейту. Ол мемлекеттік мониторинг жүйесінің тиімділігін жетілдіруге, шоғырландырылған есептілікті енгізуге және директорлар кеңесінің мүшелерін меритократия қағидаттары негізінде іріктеуге бағытталған.
Үшінші бағыт Ұлыбританияның бейінді ұйымдарының қолдауымен тәжірибе алмасуды, сараптамалық әлеуетті дамытуды және құзыреттерді беруді көздейді.
Агенттік басшысы жобаны қолдап, оның корпоративтік басқаруды нығайтудағы, бәсекелестік ортаны дамытудағы және Қазақстан экономикасына жеке инвестицияларды тарту үшін жағдай жасаудағы маңызды рөлін атап өтті.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда бизнеске қатысты монополияға қарсы талаптар күшейтілетінін жаздық.