Дүниежүзілік банк Қазақстанға табыс салығын саралап салу тетігін енгізуді ұсынды

салық
Фото: ҚазАқпарат

Табыс салығына біртіндеп прогрессивті шкала енгізу қажет. Қазақстанның бюджет саясатына талдау жасаған Дүниежүзілік банк сарапшылары осындай пайымға келіп отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

Дүниежүзілік банк шолуында Қазақстан Үкіметінің салық-бюджет саясатын жетілдіріп, мемлекеттік борышты салыстырмалы түрде төмен қалыпта ұстауға деген таплынысы бары айтылған. Дегенмен, есепте бюджет саясаты айқын еместігі, сондай-ақ, экономиканы Ұлттық банк арқылы несиелендірудің, Үкімет атынан қарыз тартудың тәуекелдері бар екені атап өтілген.

«Қазақстан сыртқы жағдайлардың қиындығына қарамастан, экологиялық әрі инклюзивті өсімге талпынып отыр. Әлемде пайыздық мөлшерлемелердің артуы, жеткізу тізбектерінің бұзылуы, мұнай бағасының құбылуы, азық-түлік бағасының артуы сияқты жайттардан тұрақсыздық сезінуде.
Кейінгі 20 жылда Қазақстанның жалпы ішкі өніміндегі мұнайдан түсетін табыстың үлесі өзгеріссіз қалып келді. Бұл бюджетті мұнайға тәуелді етіп тастады. Қазақстанның алдында қазір екіұдай міндет тұр. Бірі – экономиканы көмірсутексіздендіру, екіншісі – мұны мұнайдан табыстың есебінен іске асыру.
Мемлекеттік қаражат саясатын жетілдіру қазіргідей қиын кезеңде Қазақстанға аса қажет», - дейді Дүниежүзілік банктің Қазақстандағы тұрақты өкілі Андрей Михнев.

Сапаршылар салық жүйесін жетілдіру, бюджетті жоспарлаудың сапасын арттыру сияқты міндеттер Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы халыққа Жолдауында да айтылғанын атап өтті.

Шолу авторлары бюджет жобасы 2-3 жылдың көлемімен шектелмей, ұзақмерзімді жоспарларға бағдарланып әзірленуі керектігін айтады. Дүниежүзілік банк мамандары Қазақстан бюджет ақшасын білім беру мен «жасыл экономикаға» көбірек бағыттау қажеттігін атап көрсеткен.

«Бүгінде Қазақстан Үкіметі әлеуметтік шығыстардың тоқтаусыз өсіп жатқан қажеттіліктерін жабу үшін бюджетке мұнай табысынан алынатын ақшаның мөлшерін ұлғайтпақшы. Бұл міндетті орындау үшін мемлекеттік кірісті басқару саясатын өзгертіп, салық жүйесін реформалау керек. Салық режимдері әркелкі, жеңілдіктер де әртүрлі болғандықтан халықтың табысында айырмашылық үлкен. Салық жүйесін әділетті етіп түзетін реформа керек», - делінген шолуда.

Дүниежүзілік банктің аға экономисі Самсу Рахарджа Қазақстанның мемлекеттік кіріс саясатында азаматтардың ауқатына қарай салықты саралап салу саясатын жандандыру қажет деген пайым айтты.

«Салық жеңілдіктерін қысқарту, түрлі салық режимдерін оңтайландыру, табыс салығына біртіндеп прогрессивті шакала енгізу кіріс жинау жұмыстарын жақсартып, салық-бюджет саясатын әлеуметтік тұрғыдан әлсіз халыққа көбірек бағыттауға және климаттың өзгеруінен келетін құбылыстарға төтеп беруге жұмсауға көмектеседі», - дейді экономист.

Шолуда білім саласын қаржыландырудағы қазіргі теңсіздікке құрылған жүйеден құтылмаса, жалпы білім сапасы өспейтіні, сапалы білім таңдаулы топтардың ғана игілігі болып қала беретіні ескертілген.

Соңғы жаңалықтар