Дүниежүзілік банк Өзбекстанға $50 млн жеңілдетілген несие береді

Дүниежүзілік банктің атқарушы директорлар кеңесі «Өзбекстандағы цифрлық инклюзия» жобасын жүзеге асыру мақсатында $50 миллион көлемінде жеңілдетілген несиені бекітті. Kazinform бұл туралы Дүниежүзілік банктің сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Ташкент
Фото: pixabay.com

Жоба үкіметтің экономиканы цифрлық дамытуын қолдап, ауыл мен шалғай аудандардағы мыңдаған жастың цифрлық технологиялармен жұмыс істеу қабілетін арттырып, ақпараттық технологияға негізделген қызмет көрсету салаларында (ITES-қызмет) жұмысқа тұруға көмектеседі.

- Дүниежүзілік банк қолдайтын жаңа жоба Өзбекстанға экономикалық өсім, жұмыс орындарын құру және шетелдік инвесторларды тартуға ITES-қызмет секторын пайдалануға мүмкіндік береді. Оны Цифрлық технологиялар министрлігі жанындағы IT-Park ауыл мен елдің шалғай аудандарында тұратын 30 жасқа дейінгі мыңдаған жасты оқыту мақсатында жүзеге асырады. Жоба аясында осы азаматтарды жұмысқа алған ITES-компаниялар түрлі жолмен ынталандырылып отырады», - деп атап өтті Дүниежүзілік банктің Өзбекстандағы өкілдігінің басшысы Марко Мантованелли.

2029 жылы жоба аяқталатын уақытқа қарай, болжам бойынша, Өзбекстанның ITES-қызмет секторында 25 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылады және 15 мыңдай тұрғынның ұқсас салаларда жұмыс істеуге мүмкіндігі болады. Жоба осы мақсатқа түрлі іс-шара арқылы жетуді көздейді. Оның ішінде мыналар бар:

- елде заманауи кеңселерді ұсынатын өңірлік 11 ITES-орталық қызметін іске қосу;

- 6200 жасқа, оның ішінде 3100 әйел мен 250 мүгедектігі бар адамға негізгі кәсіби дағдыларды дамыту бағдарламаларын оқыту;

- ITES-компанияларға қызығушылығы бар 9000 жасты, оның ішінде 4500 әйел мен 360 мүгедек адамды жұмыспен қамту;

- Өзбекстандағы шетелдік және жергілікті ITES-компаниялардың қызметіне жағдай жасау үшін қажет нормативтік-құқықтық құжаттарды дайындау.

Жоба іс-шараларының арқасында 240-қа жуық жаңа ITES-компания IT-Park резиденті атанып, Өзбекстандағы операциялық қызметін бастайды.

Соңғы жаңалықтар