Дүниежүзілік ойындар: Джиу-джитсудан қазақстандық екі спортшы чемпиондыққа таласады

АСТАНА. KAZINFORM – Қытайдың Чэнду қаласында өтіп жатқан XII Дүниежүзілік ойындарында джиу-джитсудан қазақстандық екі спортшы чемпиондыққа таласады.

Джиу-джитсу
Фото: Спортты дамыту дирекциясы

Бүгін жартылай финалда Жәнібек Әбу-Бәкір (69 келі) италиялық Ерасмо Паганодан 20:4 есебімен басым түссе, Нұрсұлтан Дүйсенқұлов (77 келі) франциялық Перси Кунсаны 27:18 есебімен тізе бүктірді.

Ал Аслан Қанатбек (62 келі) жартылай финалда нидерландтық Экко ван дер Вирге 13:27 есебімен есе жіберді.

Финалдық жекпе-жектер 14:20-ға жоспарланған.

Отандастарымыз аталған жарысқа 1993 жылдан бері қатысып келеді. Қазірге дейін олар 6 алтын, 4 күміс, 7 қола жүлде алды. Қазақстандық спортшылар 2022 жылы АҚШ-тың Алабама штатының Бирмингем қаласында 1 алтын, 2 күміс, 1 қола медальмен әзірге жоғары көрсеткішке қол жеткізді.

Биыл жарыс 34 спорт түрінен өтіп, 253 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Айтулы додаға 17 тамызға дейін 114 елден 4 000 спортшы қатыспақ.

Еске салсақ, бұдан бұрын Дүниежүзілік ойындарда каратэ-до спортынан Мөлдір Жаңбырбай (50 келі) күміс жүлдеге ие болды.

 

Соңғы жаңалықтар