Дүниежүзілік туристік ұйым Қазақстандағы үздік туристік ауылды анықтады
UNWTO Дүниежүзілік туристік ұйымы қазақстандық Саты ауылын үздік туристік ауыл деп таныды. Бас ассамблеяның Best tourism Villages by UNWTO 2023 салтанатты іс-шарасы көршілес Самарқандта өтті. Бұл туралы Kazinform ҚР Туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Айта кетейік, UNWTO-ның «Үздік туристік ауылдар» бағдарламасы 2021 жылы іске қосылған. Ол туризмді ауылдық аумақтардың дамуы мен әл-ауқатының қозғаушы күшіне айналдыруға бағытталған.
Саты – «Көлсай көлдері» ұлттық саябағында (Алматы облысы) орналасқан. Онда туристік нысандар мен аттас көлдер тобы және Қайыңды көлі бар.
Қазіргі уақытта Саты қонақүйлер саны бойынша еліміздегі көшбасшы ауылдардың бірі саналады. Бұл – жергілікті тұрғындардың келелі іске белсенді қатысуының нәтижесі.
Сонымен қатар кейінгі 5 жылда мұнда ыңғайлы маршруттар мен серуен жолдары құрылған, төменгі Көлсайға жол салынған. Аудан көлемінде адамдар тоқтап дем алатын орындықтар, арбалар мен айлақтар бар. Бақылау нүктесінен көл айдынының панорамалық көрінісін тамашалауға болады.
«Қазақстанда Сатының табысты тәжірибесін тарату мақсатында қазақстандық туроператорлар мен басқа өңірлерден келген қонақүй иелері үшін ақпараттық турлар, оқыту тренингтері мен семинарлар өткізіледі. 2023 жылғы есеп бойынша Сатыда 90 қонақүй мен 30 орналасу орны жұмыс істейді. Бұл сан 2019 жылмен салыстырғанда екі есе өскен. Жергілікті тұрғындардың көпшілігі туристік бизнеспен айналысады», - деді туризм және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев.
Айта кетейік, 2020 жылы Саты ауылы Lonely Planet халықаралық агенттігінің нұсқасы бойынша жергілікті қауымдастықтарға негізделген туризмнің ең жақсы бағыты ретінде танылып, марапатқа ие болған.