Дұрыс көш пе, бұрыс көш пе: қазақстандық еңбек мигранттарының жай-күйі қандай
АСТАНА. KAZINFORM – Дүниежүзінде табыс табу мақсатымен өз елінен жырақ кеткен 168 млн-ға жуық еңбек мигранты бары айтылады. Оның арасында қазақстандықтар да жоқ емес. Кейінгі онжылдықта бұл үрдіс тіпті еселене түскендей. Көрші Ресейден бастап, Оңтүстік Кореяға, Ұлыбританияға, Түркия мен Біріккен Араб Әмірлігіне дейін жұмыс істеуге кеткен отандастарымыз жетерлік. Олардың табысы расымен көп пе, ал еліміз үшін экономикалық тұрғыдан пайда немесе зиянын тигізбей ме? Kazinform агенттігінің аналитикалық шолушысы мәселенің жай-жапсарын білді.

Алдымен сандарға кезек берсек. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегінше, 2025 жылғы 1 наурыздағы есеп бойынша шетелдерде 140 мыңға жуық қазақстандық еңбек етіп жүр.
Әйтсе де Халықаралық миграция ұйымы былтыр сыртқы көзқарастар мен Қазақстанның еңбек миграциясына қатысты ресми ведомство деректерін негізге алып, шетелдерде жұмыс істеп жатқан отандастарымыздың санын 194 мың деп шамалаған. Яғни, Көкшетау қаласының халқымен тең адам табыс табу мақсатында шекара асып жүр деп суреттеуге болады.
Ұзаққа созылған келіссөз...
Түркістан облысының тумасы Әділхан Сұлтанның Оңтүстік Кореяда жұмыс істеп жатқанына 4 жылдан асқан. Елде жүргенде «Алғашқы әскери дайындық» мамандығы бойынша білім алған ол оқуын аяқтап, дипломын алған кезінде кей кедергілердің кесірінен «екі қолға бір күрек» таба алмағанын айтады.
– Білім алып жүріп, 2 жылдық әскери кафедраны да тәмамдадым. Мамандығым бойынша жұмыс істеуге мүмкіндік болды. Жасыратыны жоқ, жұмысқа орналастыру үшін 2-3 млн теңге көлемінде ақша сұрағандар кездесті. Ол кезде аталған жұмыстың жалақысы шамамен 150 мың теңге болатын. Сонда мен берген ақшамды өтеудің өзіне бірнеше жылымды сарқитын едім.
Содан кейін 22 жасымда Кореяға кетуге шешім қабылдадым. Мұнда теңгемен ең азы күніне 40 мың теңге табамыз. Ал егер тіл білсең, техника басқара алсаң – жалақы өсе береді. Кореяға келуімнің арқасында елде қалған отбасымның жағдайын жақсартып алдым, – дейді ол.

Қазақстандықтар Кореяда заңсыз еңбек ететінін білеміз. Мигранттарға байланысты жиі рейд те жүреді. Әділхан осындай жедел тексеруден бірнеше рет қашып құтылғанын да жасырмады. Тіпті, өзі жоқ кезде інісін үйінен ұстап әкетіп, Қазақстанға қайтарған.
– Дегенмен жанға бататын дүниелер де жоқ емес. Мысалы, Шри-Ланка, Камбоджа секілді кедей мемлекеттердің азаматтары Кореяда заңды түрде жұмыс істей алады. Олар кейде жұмыс процесінде басшыларға келіспейтінін айта алады.
Ал бізде ондай мүмкіндік жоқ. Қашан ұстап алар екен деген алаңмен жүреміз. Басшыңа келіспейтініңді жеткізсең ақшаңды бермей, жұмыстан шығара салады. Көбі табыс табу мақсатымен келген соң алыстағы бала-шағасының қамы үшін көндігеді. Сондықтан заңсыз жүру бізге де оңай емес. Қазақстан билігі Оңтүстік Кореямен келісіп, жұмыс визасын енгізсе дейміз, – деп өтінішін жеткізді азамат.
Дегенмен Әділхан Сұлтан Кореяға келгеніне еш өкінбейтінін алға тартты. Алдағы 1 жылдың шамасында елге оралу туралы жоспары да бар екен.

Енді Қазақстан азаматтары үшін Оңтүстік Кореяда жұмыс визасын енгізу туралы келіссөздер қалай жүріп жатқанына тоқталсақ. 2024 жылдың соңында Еңбек министрлігі Қазақстан азаматтарын Кореяның Employment Permit System (EPS) жүйесіне қосу келісімін бекітуге жұмыс істеп жатқанын хабарлаған. Бұл келісімге қол қойылуы тиіс құжат дайындалып, Корея тарапына жіберілген. Министрліктің болжамы бойынша Корея тарапы 2024 жылдың соңына дейін құжатты бекітуі керек еді. Алайда қол қойылмады.
Биыл сәуірде тағы келісім жобасы әзірленіп, Кореяға жолданған. Негізі 2023 жылы-ақ екі ел EPS жүйесіне Қазақстанды қосу және дайындық орталығын ашу туралы келіссөздер жүргізіп бастаған еді. Яғни, бұл процеске 2 жылдан аса уақыт өтті.
2025 жылдың 12 маусымында Қазақстан мен Оңтүстік Кореяның Еңбек министрліктері арасында «Өзара түсіністік туралы меморандумға» қол қойылды. Бұл құжат Қазақстанның EPS жүйесіне қосылу ниетін растайды, бірақ ресми келісім әлі бекітілмеген.
8 тамызда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Асқарбек Ертаев пен Корея Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Чжо Тэ-ик осы мәселе бойынша кездескен. Тараптар тағы да елімізді оңтүстіккореялық шетелдік азаматтарға жұмыс істеуге рұқсат беру жүйесіне енгізу бойынша алдағы қадамдарды талқылаған.
Біздің бір түсінгеніміз, құжаттың бекітілуі Корея тарапының шешіміне тәуелді болып тұр. Еліміздің еңбек ведомствосы бірнеше жыл бойы ұмтылыс жасап келе жатқанын аңғарып отырмыз.
«Зумерлердің» көшпелі өмірі қалыпты дүние
Бұл тақырыптың экономикалық тұрғыдан да маңызы барын ұмытпаған жөн. Себебі әрбір азамат, нақтырақ жастар – кез келген елдің басты еңбек ресурсы саналады. Экономист Бекнұр Қисықов жоғары білімді жастардың шетелге кетуі жақсы үрдіс емес екенін айтады. Дегенмен шетелдерге кетіп жатқандардың қанша бөлігі білімді жастар? Ол туралы нақты статистика жоқ әрі есеп жүргізудің өзі мүмкін еместей көрінеді.

– Еліміз неге «Болашақ» бағдарламасымен жастарды шетелде оқытады? Себебі білімді жастар экономикаға керек. Ал қазір көп азаматтардың шетелге кетуіне жалақының мөлшері әсер етіп отыр. Екіншіден, «зумерлер» деп аталатын буын көшпенділер, бір орында отырғысы келмейді. Ел көргісі келеді, тіпті жоғары жалақысы болмаса да пәтер жалдау мен тамағына жетсе, АҚШ-та тұруды құп көретіндер бар.
Қазақстандықтар шетелге көбіне қара жұмыс істеуге барады. Менің ойымша, қара жұмыс істейтіндер нарықта әр кез табылады. Бізге маңыздысы – білімді адамдар. Ал қара жұмыс істеушілер шетелден де келіп жатыр. Аула сыпырушы, таксист, курьерлер жетерлік. Сондықтан мемлекет бірнеше тіл білетін, экономикадан хабардар, IT саласын меңгергендерді алып қалуға тырысқаны жөн, – дейді ол.
Дегенмен сарапшы жастарға шектеу қоя алмайтынымызды да алға тартты. Мүмкіндігі болса олар кез келген қолайлы елге барады. Әйтсе де шетелден елге қайта оралып жатқан білімді жастар бар. Өйткені Қазақстан экономикасы да дамып, жаңа жұмыс орындары ашылуда. Еліміз жалпы ішкі өнімді екі есеге көбейту туралы мақсат қойды. Егер жалпы ішкі өнім осылай артатын болса, түрлі салаларға мамандар қажет болады.

– Егер жалақыны көбейтіп, лайық инфрақұрылым жасап берсе білімді жастар шетелге кете қоймайды. Қолымызда нақты статистика жоқ, бірақ шетелге кетіп жатқан жастардың үлесі тым көп емес, әрі кетсе 10-15 пайыз шегінде болар.
Бізде қазір «Астана» халықаралық қаржы орталығы бар, түрлі IT хабтары ашылып жатыр. Осылардың бәрі жастарға жаңа мүмкіндік береді. Осылай жалғастыра берсек, Біріккен Араб Әмірлігі секілді дүниежүзінен байларды, дарынды жастарды тарта аламыз, – деді Бекнұр Қисықов.
Экономист сөз соңында қазіргі жастардың көшпенді өмір салтына жақын екенін еске салды. Дамыған АҚШ-тан Францияға немесе Ұлыбританиядан Үндістанға барып жатқан жастар да жетерлік.