17:40, 24 Мамыр 2010 | GMT +5
Душанбеде Орталық Азиядағы ақпаратқа қол жеткізу мәселесі талқыланады
АСТАНА. Мамырдың 24-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - ҚР Ақпарат және байланыс вице-министрі Нұрай Оразев бастаған қазақстандық делегация мамырдың 25-і және 26-сы күндері Душанбеде болатын «Ақпаратқа қол жеткізу» атты ЕҚЫҰ-ның БАҚ жөніндегі 12-ші орталықазиялық конференциясына қатысады.
Бұл туралы бүгін Астанадағы апталық брифингте ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Асқар Әбдірахманов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Жүзден астам журналистерді, үкіметтік емес ұйымдардың және академиялық қоғамдастықтардың өкілдерін жинайтын форумда «Ақпаратқа қол жеткізу саласындағы халықаралық стандарттар», «Орталық Азиядағы ақпаратқа қол жеткізу», «Орталық Азиядағы БАҚ бостандығы» тәрізді тақырыптарды талқылау жоспарланып отыр», дейді А. Әбдірахманов.
Оның сөзіне қарағанда, БАҚ жөніндегі орталықазиялық конференция кәсіби тәжірибелер мен пікірлер алмасуға, ақпаратқа қол жеткізуді қамтамасыз етуде жаңа міндеттерді анықтауға арналған тұғырнама болып табылады.