Джакарта әлемдегі ең ірі мегаполиске айналды

АСТАНА.KAZINFORM - Индонезия астанасы Джакарта Токиодан асып түсіп, әлемдегі ең үлкен қала ретінде танылды, деп хабарлайды BILD

Джакарта әлемдегі ең ірі мегаполис деп танылды
Фото: BILD

Басылымның хабарлауынша, БҰҰ-ның жаңа «Әлемдік урбанизация перспективалары 2025» есебінде Джакарта мегаполисінде шамамен 42 миллион адам тұратыны айтылған. Одан кейін Бангладештегі Дакка (40 миллион) және Токио мен оның айналасындағы аудандар (33 миллион) келеді. БҰҰ сегіз миллиардтан асқан әлем халқының жартысына жуығы қалаларда тұратынын атап өтеді.

— Қала тұрғындарының саны 1950 жылдан бері екі еседен астам өсті, сол кезде әлемдегі 2,5 миллиард адамның тек 20 пайызы қалаларда тұрған, — делінген есепте.

Халық саны 10 миллионнан асатын мегаполистер саны ерекше тез өсіп жатыр: 50 жыл ішінде олардың саны сегізден 33-ке дейін өсті, оның 19-ы Азияда. Алғашқы 10 мегаполистің тек біреуі ғана Азияда орналаспаған — Каир.

БҰҰ бағалауы бойынша, 2050 жылға қарай халқы 10 миллионнан асатын мегақалалар саны 37-ге дейін артады. Бұл тізімге Эфиопиядағы Аддис-Абеба, Танзаниядағы Дар-эс-Салам, Үндістандағы Хаджипур және Малайзиядағы Куала-Лумпур кіреді. Алайда, есепке сәйкес, Мехико және Чэнду сияқты кейбір ірі қалалар қазірдің өзінде кішірейе бастады.

Соңғы жаңалықтар