Джеки Чан каратэден қара белбеу иегері атанды
АСТАНА. KAZINFORM – Танымал актер, Голливуд фильмдерінің жұлдызы Джеки Чан каратэден ресми түрде қара белбеу алды. Бұл жаңалық Дүниежүзілік каратэ федерациясының (WKF) сайтында расталды, деп жазады daily.afisha.ru.

Шеберліктің құрметті символын табыс ету рәсімі Нью-Йоркте «Karate Kid: Legends» жаңа фильмінің премьерасында өтті. Чаннан бөлек оның әріптесі Ральф Маккьо да қара белбеумен марапатталды. WKF бас хатшысы Тошихиса Нагура қос актерді жеке құттықтады.
Іс-шараға сонымен қатар Олимпиада қатысушысы және каратэден АҚШ чемпионы Томас Скотт қатысты. Мерекелік іс-шара WKF мен «Karate Kid: Legends» франшизасын жасаушылар арасындағы серіктестіктің бір бөлігі болды. Ол кинодағы каратэнің негізгі принциптерін: тәртіп, құрмет, ар-намыс, табандылық және бірлікті таратуға қосқан елеулі үлесін көрсетеді.
«Karate Kid: Legends» фильмі бүкіл әлем бойынша 8 мамырда прокатқа шықты. Бұл фильмде Чан мен Маккьо жас талант Ли Фонгқа (Бен Ван) Нью-Йоркке бейімделуге және каратэ турниріне қатысуға дайындалуға көмектесетін тәжірибелі жекпе-жек шеберлерін ойнайды. Фильмнің режиссері Джонатан Энтуистл, ал сценарийін Роб Либер жазған.
Еске сала кетейік, Қазақстанда Джеки Чанның қатысуымен бірнеше киножоба қолға алынды.