Дженнифер Лопес командасы Алматыға келді
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Бұл туралы әлеуметтік желіде Дженнифер Лопестің бэк-вокалисті Шэрон Янгблад хабарлады.
– Қазақстан біз саған қайта оралдық. Бүгін және ертең мен Алматыда боламын және кішкене бос уақытым болады. Сондықтан мұнда не істей алатынымды айтыңдар, қайда барсам болады. Кеңес айтыңдар, жарай ма? Алматыда не болып жатыр, - деді ол желідегі парақшасында.
Сондай-ақ поп-жұлдыз командасының бірнеше мүшесі Алматының табиғатына тамсанып, бейнежазба жариялады.
Еске салайық, Алматыда 10 тамыз күні әлемдік поп-жұлдыз Дженнифер Лопестің концерті өтеді. Ұйымдастырушылар мәліметінше, Джей Ло командасында 90 адам бар.
Жалпы концерт кезінде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін 2 960 қызметкер жұмылдырылады. Оның ішінде 2240 полиция қызметкері, 600 әскери қызметкер, 120 жеке күзет агенттігі өкілдері және 300 ерікті бар.
Бұған дейін Джей Ло концерті кезінде Алматыда қандай көшелер жабылатынын жазғанбыз.
Сондай-ақ Орталық стадионға арнайы автобустар қай жақтан қатынайтынын жазған едік.
Әлемдік поп-жұлдыз 1 тамыз күні «Астана Арена» стадионында жеке концертін өткізді.