Джей Ло концерті: Орталық стадионға көрермендер жиналып жатыр
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда көрермендер Орталық стадион маңындағы аймаққа кіре бастады.
Онда тамақтану орындары және өзге де сервис аймақтары жұмыс істейді. Алайда негізгі аймаққа кіру тек саундчек аяқталып, әншінің техникалық тобы рұқсат бергеннен кейін ғана басталады.
Қазіргі уақытта стадион маңында тәртіп сақшылары мен еріктілер жұмыс істеп жатыр. Кезекте тұрған адамдардың қарасы да аз емес.

Стадион бірнеше аймақтарға бөлінген: фан-аймақтар, лаунж-аймақтар, фуд-корттар, VIP және медиа аймақтар. Қауіпсіздік пен жайлылықты қамтамасыз ету үшін медициналық бригадалар, төтенше жағдай қызметкерлері және өрт сөндіру топтары кезекшілік атқаруда. Кіру қақпаларына металлдетекторлар мен қол сканерлері бар 26 бақылау-өткізу пункті орнатылды.

Еске салайық, жалпы концерт кезінде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін 2960 қызметкер жұмылдырылады. Оның ішінде 2240 полиция қызметкері, 600 әскери қызметкер, 120 жеке күзет агенттігі өкілдері және 300 ерікті бар.

Бұған дейін Джей Ло концерті кезінде Алматыда қандай көшелер жабылатынын жазғанбыз.
Сондай-ақ Орталық стадионға арнайы автобустар қай жақтан қатынайтынын жазған едік.
Әлемдік поп-жұлдыз 1 тамыз күні «Астана Арена» стадионында жеке концерт берді.





