Джей Лоның Алматыдағы концерті қалай өтті
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Әлемдік поп-жұлдыз Дженнифер Лопес Алматының Орталық стадионында жеке концерт берді.

Музыкалық кешке 20 мыңнан астам адам, оның ішінде қазақстандықтардан бөлек АҚШ, Жапония, БАӘ, Канада, Оңтүстік Корея сынды 35-тен аса елден 8 мың көрермен қатысты. Джей Ло жанкүйерлерінің алдында 2 сағаттан астам уақыт өнер көрсетті. Америкалық жұлдыздың ән шашуы мен жалынды биі жиналған адамдарға жақсы көңіл-күй сыйлады.

Концерттегі қызықты сәттердің бірі — Дженнифер Лопес жас ата-аналарға сәбидің жынысын анықтауға көмектесуі болды. Жұлдыз сахна үстінен өтініш білдірген жұпқа қыз дүниеге келетінін хабарлады.
Алматыдағы концерт — Джей Лоның «Up All Night» деп аталған турының 19-шы және соңғы концерті болды.

Концерт аяқталған соң еріктілер «Таза Қазақстан» экологиялық науқаны аясында стадионның іші-сыртын тазалады.

Жалпы концерт кезінде қоғамдық қауіпсіздікті 2960 қызметкер қамтамасыз етті. Оның ішінде 2240 полиция қызметкері, 600 әскери қызметкер, 120 жеке күзет агенттігі өкілдері және 300 ерікті бар.
Концертке келген адамдардың ыңғайлылығы үшін Орталық стадионға дейін және кері бағытта тегін автобустар ұйымдастырылды. 50-ден астам шаттл автобус бірнеше бағытта қатынады.
Еске салайық, бұған дейін әлемдік поп-жұлдыз 1 тамыз күні «Астана Арена» стадионында жеке концерт берді.