Джей Лоның Алматыдағы концертінде қазақстандық жабдық қолданылады
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда 10 тамыз күні әлемдік поп-жұлдыз Дженнифер Лопестің концерті өтеді.

First Media Group компаниясының басқарушы директоры әрі концерт ұйымдастырушысы Альфия Нұрғұмарованың айтуынша, Орталық стадионда монтаждау жұмыстары «Қайрат» пен «Слован» арасындағы футбол матчы аяқталғаннан кейін бірден басталған.
— Жабдық — өзіміздікі. Біз серіктес ретінде барлық техниканы ұсынамыз. Салыстырмалы түрде Астанада құрылыс-монтаждауға 6 күн кетті, ал бізде бар болғаны 3 күн. Сондықтан жұмыстар тәулік бойы, үш ауысымда жүріп жатыр. Бір түннің ішінде-ақ үлкен көлемдегі жұмысты атқардық, — деді ол.
Сонымен қатар іс-шара ұйымдастырушысы Абай — Байтұрсынов көшелері қиылысында қосымша LED-экрандар орнатылатынын атап өтті. Айтуынша, онда стадионға кіру сызбалары көрсетіледі. Сонымен қатар экрандарда қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде нұсқаулығы бар бейнеролик ойнатылмақ.

Көрермендерді стадион маңындағы аймаққа кіргізу сағат 15:00–де басталады. Онда тамақтану орындары және өзге де сервис аймақтары жұмыс істейді. Алайда негізгі аймаққа кіру тек саундчек аяқталып, әншінің техникалық тобы рұқсат бергеннен кейін ғана басталады.
— Біз әртіс тобының рұқсатынсыз қақпаны ашып, көрермендерді кіргізе алмаймыз. Мысалы, Астанада бұл уақыт бір жарым сағатқа кешікті. Мұның бәрі ұйымдастырушыларға емес, әртіс тобына байланысты: кейде олар репетицияны ұзарта алады, — деп түсіндірді Альфия Нұрғұмарова.
Дженнифер Лопестің командасы Алматыға жеке ұшақпен келеді. Делегация құрамында шамамен 90 адам бар.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда Джей Ло концертіне дайындық қалай жүріп жатқанын жазғанбыз. Жалпы концерт кезінде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін 2960 қызметкер жұмылдырылады. Оның ішінде 2240 полиция қызметкері, 600 әскери қызметкер, 120 жеке күзет агенттігі өкілдері және 300 ерікті бар.
Бұған дейін Джей Ло концерті кезінде Алматыда қандай көшелер жабылатынын жазғанбыз.
Әлемдік поп-жұлдыз 1 тамыз күні «Астана Арена» стадионында жеке концерт берді.