Джеймс Кэмерон «Титаник» пен «Титан» батискафының апатында ұқсастық барын айтты
НЬЮ-ЙОРК. ҚазАқпарат – «Титаник» фильмін түсірген кинорежиссер Джеймс Кэмерон лайнердің апатқа ұшырауы мен Атлант мұхитынан сынықтары табылған «Титан» батискафы трагедиясы арасындағы ұқсастыққа таңқалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат abc.com-ге сілтеме жасап.
Кэмерон сүңгуір қайықтар саласы мамандарының «Титанды» құрастырған OceanGate Expeditions компаниясына бірнеше рет хат жазғанын айтады. Мәлімдеуінше, олар суасты аппаратын сертификаттау қажеттігін ескерткен.
«Мен бұл оқиғаның «Титаник» апатымен ұқсастығына таңқалдым. Кеме капитанына да бағыт алған жолында мұздардың бары бірнеше рет ескертілген, ал ол соған қарамастан, айсыз түнде толық жылдамдықпен жүзуін тоқтатпады. Аяғында көп адам қайтыс болды. Қазір де ескертулер құлаққа ілінбей, дәл сол жерде, сол оқиғаға ұқсас трагедия болып отыр», - деді Кэмерон.
Еске салсақ, шағын сүңгуір қайықпен «Титаникке» аттанған 5 адам жоғалып кеткен болатын.Күні кеше АҚШ жағалау күзеті Солтүстік Атлант мұхитында жоғалып кеткен «Титан» сүңгуір қайығын іздестіру аймағынан әлдебір жүзу құралының жарықшақтары мен сынықтары табылғанын хабарлады. Бортта болған бес адам да қаза тапқан.