Джо Байден Израиль мен ХАМАС арасындағы бітім мерзімі ұзартылатынынан үмітті

Джо Байден болашақта АҚШ «Таяу Шығыстағы зорлық-зомбылық циклына» нүкте қоюы тиіс екенін атап өтті.
«Біз израильдіктер мен палестиналықтардың тең бостандық пен қадір-қасиетке ие екі мемлекет туралы келісім аясында өмір сүре алатын шешімге ұмтылудағы жігерімізді растауымыз керек. Екі халыққа – екі мемлекет. Бұл қазір бұрынғыдан да маңызды», - деді Джо Байден.
АҚШ басшысы соғыс қимылдарын тоқтатуды екі себеп бойынша дәйекті түрде алға тартқанын айтты: Газаға гуманитарлық көмек жеткізуді кеңейту үшін және тұтқындарды босатуға көмектесу үшін.
Соңғы бірнеше апта ішінде Джо Байден соғысты уақытша тоқтату үшін Катар әмірі, Мысыр президенті және Израильдің премьер-министрімен бірнеше рет әңгімелесті. АҚШ президенті осы елдердің көшбасшыларына бұл мақсатқа қол жеткізудегі серіктестігі үшін алғысын білдірді.
Соғыс әрекеттерін тоқтату зардап шеккендерге гуманитарлық көмек жеткізуге мүмкіндік беріп отыр. Мысырдан палестиналықтарға азық-түлік, дәрі-дәрмек, жанармай және газ жеткізу үшін бақылау-өткізу пунктіне 200-ден астам жүк көлігі жіберілді.
Байденнің атап өтуінше, алдағы күндері ол бүкіл Таяу Шығыстағы көшбасшылармен өзара әрекеттестікті жалғастырады. Мұндағы оның мақсаты – аймақта еврей, мұсылман, христиан, израильдік, палестиналық, арабтың әр баласы жерді еркін басатындай бейбітшілікті қалпына келтіру.
Катар СІМ хабарламасына сәйкес, Газадағы соғыс қимылдарын тоқтату режимі 24 қараша таңында басталды. Кеше Израиль мен ХАМАС бітімді тағы екі күнге созу туралы келісті.