Джо Байден Конгрес қабылдаған уақытша бюджет туралы заң жобасына қол қойды

АСТАНА. KAZINFORM — Джо Байден бұған дейін Конгрес қабылдаған Үкіметті наурыз айының соңына дейін қаржыландыру туралы заң жобасына қол қойды, деп хабарлайды Kazinform «Америка дауысына» сілтеме жасай отырып.

Байден
Фото: x.com /POTUS

Ақ үй сайтындағы мәліметке сенсек, АҚШ Президенті бұл заң жобасына шатдаун — Үкімет жұмысының уақытша тоқтап қалуына жол бермес үшін қол қойған.

Бұған дейін, атап айтқанда сенбіге қараған түні заң жобасын Сенат мақұлдаған еді: 85 депутат қолдап дауыс берген. Одан бұрын Конгрестің төменгі палатасында да дауыс беру жүргізілді. Өкілдер палатасының 366 мүшесі заң жобасын қолдайтынын білдірген.

Қабылданған заң Үкіметті наурыз айының соңына дейін қаржыландыруды, табиғат апаты болған жағдайда зардап шегушілерге беру мақсатында 100 млрд доллар, сондай-ақ ауыл шаруашылығы саласындағы кәсіпкерлерге қолдау көрсету үшін 10 млрд доллар бөлуді көздейді.
Үкімет жұмысының тоқтауы көптеген мемлекеттік қызметтердің тізбегін бұзар еді. Құқық қорғау органдары, АҚШ-тың ұлттық парктер қызметі тоқтап, миллиондаған федералдық қызметшіге жалақы берілмей қалар еді.

Туризм саласындағы U.S. Travel Association қауымдастығы Үкімет жұмысының тоқтауы әуе желілері, қонақ үйлер және өзге де компанияларға аптасына 1 млрд доллар шығын әкеліп, Рождество қарсаңында халықты тығырыққа тіреуі ықтимал болғанын мәлімдеді.

Тарихта АҚШ Үкіметі жұмысының ең ұзақ үзілісі 2018 жылдың желтоқсаны мен 2019 жылдың қаңтары аралығында болып, 34 күнге созылған. Ол кезде Трамп АҚШ пен Мексиканың арасында тосқауыл қабырға салуға кемі бірнеше млрд доллар бөлу қарастырылмаған кез келген қаржы бөлу туралы заң жобасына қол қоюдан бас тартқан болатын.

Еске салсақ, осыған дейін Трамп Канаданы 51-ші штат етіп қалыптастыру идеясын алға тартып отырғаны хабарланды.

Соңғы жаңалықтар