Дзюдо: Абылайхан Жұбаназар Grand Slam турнирінің қола жүлдегері атанды
АСТАНА. KAZINFORM — Өзбекстан астанасы Ташкентте дзюдодан өтіп жатқан әлемдік Grand Slam турнирінің бүгін екінші күні ел қоржынына қола медаль түсті.

Нақтырақ айтсақ, бгін аталған турнирде ел намысын қорғап жатқан қазақстандық Абылайхан Жұбаназар қола медальға қол жеткізді.
81 келі салмақта сынға түсіп жүрген Жұбаназар жұбаныш белдесуінде германиялық Тимо Кавелиусты жеңіп, үшінші орын үшін күресуге мүмкіндік алады.
Ал қола медаль үшін таласта жапониялық Сотаро Фудживароны жеңіп, жүлдегерлер қатарына қосылды.
Аталған додаға әлемнің 23 елінің дзюдошылары бақ сынап жатыр. Кеше, яғни жарыстың алғашқы күні татамиге шыққан барлық балуандарымыз қарсыластарынан ұтылып қалғаны туралы жазған едік.
Алғашқы жарыс күні 7 бірдей дзюдошымыз сынға түсті. Өкінішке қарай, барлығы бірінші белдесуінен ары аса алған жоқ.