Дзюдо: Ислам Бозбаев «Grand Slam» турнирінің күміс жүлдегері атанды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық дзюдошы Ислам Бозбаев Парижде "Grand Slam" турнирінің финалында әлем чемпионы, оңтүстіккореялық Квак Дон Ханмен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ислам Бозбаев 90 келіге дейінгі салмақта тамаша күресіп, үш қарсыласын иппон әдісімен таза жеңді.
Қазақстандық дзюдошы жартылай финалда израиль спортшысы Ли Кохманды вазари ұпайымен ұтты.
Исламның финалдағы қарсыласы әлем чемпионы атанумен бірге Рио Олимпиадасында қола жүлде алған Квак Дон Хан өте мықты еді. Бұған дейін палуандар екі мәрте кездесіп, бір-бірден жеңіске жеткен болатын.
Тартысты өткен белдесу барысында оңтүстіккореялық палуан вазари тәсілімен алға шықты. Содан кейін иппон әдісімен ұтып кетті.
Бір айта кететін жайт, "Grand Slam" турнирінің жеңімпазы атанған спортшыға 1 мың ұпай беріледі. Күміс жүлдегерге - 700, үшінші орын иегерінің еншісіне 500 ұпай тиеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын қос қазақстандық дзюдошының осы Париж жарысында жүлдегер атанғанын жазған болатынбыз. Бұл - әрине, Қазақстан ұлттық құрамасы үшін жақсы көрсеткіш.
Бүгін теннистен қазақстандық Александр Бублик Будапешт турнирінде чемпиондық тұғырға көтерілді.