Дзюдодан әлем чемпионаты: Елдос Сметов пен Ғалия Тынбаева алғашқы белдесуінде жеңіске жетті

АСТАНА. KAZINFORM — Біріккен Араб Әмірлігінің Әбу-Даби қаласында дзюдодан әлем чемпионаты басталды. Қазақстандық екі балуан алғашқы белдесуінде жеңіске жетті.

Спорт
Фото: olympic.kz

Қазақстан дзюдо федерациясының хабарлауынша, 48 келі салмақтағы Ғалия Тынбаева бірінші айналымда бразилиялық Аманда Лиманы ваззари ұпайымен жеңіп, келесі кезеңге өтті. Оның ендігі қарсыласы — испаниялық Лаура Мартинс Абеленда. 

Ал 60 келі салмақтағы Елдос Сметов те екінші айналымға жолдама алды. Ол бірінші белдесуінде вьетнамдық спортшыны шидо санымен жеңді. Сметовтің кезекті қарсыласы — Оңтүстік Корея өкілі Ким Вон Джин.

Бүгін еліміздің атынан 4 балуан сынға түседі.

Дүбірлі додаға қатысушылар саны өте көп. Әлемнің әр түкпірінен жиналған 700 дзюдошы медаль үшін таласқа түспек. 

Әлем чемпионаты 19 мамырда басталып, 23 мамырда мәреге жетеді.

Соңғы жаңалықтар