Дзюдодан Қазақстан чемпионаты: жарыстың екінші күні кімдер үздік шықты

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Оралдағы теннис орталығында ерлер мен әйелдер арасында дзюдодан өтіп жатқан Қазақстан чемпионатында бес салмақ дәрежесінде үздік шыққандар белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстан дзюдо федерациясы мәлім еткендей, жарыстың екінші күні әйелдерден үш, ерлерден екі салмақта жеңімпаздар анықталды.

Әйелдер арасында 57 кг салмақта шымкенттік Севара Нишанбаева чемпион атанса, ақтөбелік Бақыт Құсақбаева күміс, алматылық Балнұр Құрманбай мен жамбылдық Рауза Нұрмұхамметова қола жүлдеге ие болды.

63 келіде алматылық Саера Мирзахметова жеңіс тұғырына көтерілсе, қостанайлық Саламай Ерғалиева екінші, шығысқазақстандық Кристина Сотникова мен атыраулық Есімгүл Куюлова үшінші орыннан көрінді.

70 келіде шығысқазақстандық Зере Бектасқызы қарсылас шыдатпады. Түркістандық Перизат Жақыпбекова күміс, Алматы облысынан келген Мөлдір Нарынова мен ақмолалық Анастасия Маякова қола медальді қанағат тұтты.

Ерлер арасында 73 кг салмақта финалда жамбылдық Данияр Шамшиевті сүріндірген қарағандылық Жансай Смағұлов мықтылығын тағы бір дәлелдеді. Шығысқазақстандық Ерлан Серікжанов пен батысқазақстандық Аңсарбек Ғайнуллин үздік үштікке ілікті.

Сондай-ақ 81 келіде жамбылдық Бекәділ Шаймерденовтің мерейі үстем болса, қызылордалық Абылайхан Жұбаназар күміс, шығысқазақстандық Барақ Арқабай мен шымкенттік Айбол Нысанәлі қола жүлдені еншіледі.

Биылғы бір ерекшелік, Олимпиада ойындарының екі дүркін жүлдегері, әлем чемпионы Елдос Сметов өз қаражаты есебінен барлық салмақ дәрежесі бойынша жүлдеге іліккендерге арнайы ақшалай сыйлық белгілеген болатын. Атап айтқанда, чемпионға 150 мың, күміс жүлдегерге 100 мың, үшінші орын иегерлеріне 50 мыңнан сыйақы берілуде.

Ертең тағы бес салмақта дзюдошылар татамиге шығып, чемпионат қорытындыланатын болады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын дзюдодан Қазақстан чемпионатында алғашқы жеңімпаз-жүлдегерлер анықталғанын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар