Дзюдодан іріктеу белдесуі: 60 келі салмақта Парижге кім барады
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан дзюдо федерациясы 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Париж олимпиадасының қатысушысын анықтау мақсатында іріктеу белдесуін өткізеді.

Қазақстан дзюдо федерациясынан мәлім еткеніндей, аталмыш сайыс ұлттық құраманың Алматы қаласында өтіп жатқан оқу-жаттығу жиыны аясында 7 маусым күні ұйымдастырылады.
Халықаралық дзюдо федерациясының және Халықаралық олимпиада комитетінің ережесі бойынша жазғы олимпиада ойындарына дзюдодан әр салмақтан әр елден тек бір спортшы қатысады.
Қазіргі таңда 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Қазақстаннан үш спортшы, атап айтқанда, Нұрқанат Серікбаев, Елдос Сметов және Мағжан Шамшадин олимпиадалық рейтингте жолдама иегерлері тізімінде тұр.
Іріктеу белдесулері туралы толығырақ мәлімет қосымша хабарланады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын дзюдодан әлем біріншілігін Қазақстан ерлер құрамасының жүлдесіз аяқтағанын жазған болатынбыз.