Дзюдодан жастар арасындағы әлем чемпионатына баратын қазақстандық балуандар анықталды
АСТАНА. KAZINFORM - Перудің Лима қаласында 5-7 қазан аралығында өтетін дзюдодан жастар арасында әлем чемпионатына қатысатын қазақстандық балуандар белгілі болды.

Әлемдік додада 18 балуан ел намысын қорғайды.
Халықаралық дзюдо федерациясының мәліметінше, ұлттық құрама сапына төмендегідей дзюдошылар енген. Беделді бәсекеде еліміздің атынан ұлдарда Талғат Орынбасар мен Телжан Сұлтанбай (60 келі), Ақылжан Жұбатқанов пен Қайырхан Абдрахман (66 келі), Омар Нұрбергенов (73 келі), Даниил Крылов пен Арман Билалханов (90 келі),Асқар Бержанов (100 келі), Жантілек Нұртілепұлы (100 келіден жоғары) татамиге шығады.
Ал қыздарда Тасним Әбдуәлі мен Сабина Юлдашбекова (48 келі), Нұрайлым Сәрсенбек пен Аяулым Қайрат, Дана Әбдірова (57 келі), Дильназ Досберген (63 келі), Көркем Орымбек (70 келі), Анастасия Нагачевская мен Салтанат Ахметова (78 келі) секілді балуандарға сенім артамыз.
Еске салсақ, бұдан бұрын дзюдодан Қазақстан жастар құрамасы Азия чемпионатын 12 медальмен аяқтады.