Дзюдошы Жалғас Қайролла Астанадағы Grand Slam турнирінде топ жарды

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандық дзюдошы Жалғас Қайролла Астанада өтіп жатқан Grand Slam турнирінде алтын медаль жеңіп алды.

Дзюдошы Жалғас Қайролла Астанадағы Grand Slam турнирінде топ жарды
Фото: ҰОК

Отандасымыз 81 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде финалға дейін жетіп, шешуші белдесуде молдовалық Петру Пеливанмен кездесті.

Қайролла финалдық белдесу барысында басымдық танытып, қарсыласын мерзімінен бұрын жеңді.

Осылайша Жалғас Қазақстан құрамасына төртінші жүлдені сыйлады. Бұған дейін Талғат Орынбасар (60 келіге дейін) күміс медаль иеленсе, Шерзод Давлатов (60 келіге дейін) пен Аңсарбек Ғайнуллин (73 келіге дейін) қола жүлдеге қол жеткізген болатын.

Еске сала кетейік, осыған дейін Жалғас Қайролланың дзюдодан Астанадағы Grand Slam турнирінің финалында сынға түсетінін жазғанбыз.